СҚО-да 2025 жылға дейін автокөлік жолдарының 95 пайызын жақсы деңгейге жеткізу көзделген

26 Мамыр 2021, 10:10
1705
Бөлісу:
 СҚО-да 2025 жылға дейін автокөлік жолдарының 95 пайызын жақсы деңгейге жеткізу көзделген

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Қазір өңірдегі автожолдардың тек 65 пайызы ғана жақсы және қанағаттанарлық деген бағаға ие.

Тас жолдың жауы – жүк көлігі. Рұқсат етілген салмақтан бірнеше есе артық жүк артқан көліктер асфальтты езіп, астындағы қабатын жапырып тастайды. 

Қазір аймақта салмақтың артықтығын анықтайтын көліктік бақылау бекеттері жұмыс істейді. Тек, бір өкініштісі олардың пайдасы шамалы. Облыстық көлiктiк бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Андрей Марковтың айтуынша, шамадан тыс жүк артатындарды қатаң бақылауда ұстап отыру қатаң бақылауға алынған.

Қазір көлік нөпірін басқа кезеңдермен салыстыруға болмайды. Көне тәсілмен төселген жолдар оған шыдамайтынын көріп жүрміз. Рұқсат етілген салмақты сақтау заңмен бекітілгеніне қарамастан, тасымалдаушылар шектен тыс жүк тиеуін доғармай тұр. Әсіресе өңірдегі тас, құм карьерлерінен инертті материалдар тасымалдайтын көліктер өткеннен кейін жолдар ойылып қалады. 2020 жылғы жүргізілген тексеріс кезінде біраз заң бұзушылықтар анықталып, материалдар негізінде 61,1 млн теңге айыппұл салынды. Инспекторларымыз осы талапқа байланысты 992 әкімшілік материал толтырды. Жүк көлігін жүргізушілердің көбі рұқсат етілген салмақтан асатын материал артқан, - деді Андрей Марков.

Ал жолдың сапасын тексеретін «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының директоры Жолдыбай Тентековтің айтуынша, тексеріс ұдайы жүргізіліп тұрады. Басты проблеманың шешімі әлі табылмай келеді.

Облысымыздағы Ақжар және Уәлиханов аудандарында жол тез бұзылады. Себебі бұл екі ауданда құм және қиыршық тас карьерлері көп. Құрылыс материалдарын таситын ресейлік ауыр жүк көліктері өте көп жүреді. Тағы бір қиындығы, тексеріс кезінде жүргізушілер көліктерін жол шетінде тастап кетеді де, біз тексере алмаймыз. Бұл жиі болып тұратын мәселе. Сондықтан құзырлы органдардың да араласуын сұрар едік, - дейді Жолдыбай Тентеков.

Бүгінде Солтүстік Қазақстандағы жергілікті маңызға ие тас жолдардың 70 пайызға жуығы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті тағы 25 пайызға арттыру жоспарланған. Ол үшін жауапты мердігерлер өз міндетін сапалы орындап,   қабылдайтын мекемелер кемшіліктерге көз жұмуын қоюы керек. Сондай-ақ жұмысты өндіртпек болған ауыр көліктердің иелері де, жұмысын жеңілдеткенімен, басқаның ісіне залалын тигізбеуін де ойлауы керек.  

Өзгелердің жаңалығы