Шынайы жұмыссыздық деңгейін анықтау қажет. Депутат Тоғжановқа сұрақ қойды

6 Сәуір 2022, 11:53
3343
Бөлісу:
Шынайы жұмыссыздық деңгейін анықтау қажет. Депутат Тоғжановқа сұрақ қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Палатаның жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа сұрақ қойды.

Депутат Ерлан Сайыровтың ақпараты бойынша бүгінде Қазақстанда ресми түрде 2 млн 130 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтушы болып тіркелген. Осы адамдардың тек 66 300-і ғана міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемін, ал 180 500 адам бірыңғай жиынтық төлем төлейді. 

Осы санаттың ішіндегі 1 млн 905 мың адам өздері үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемін төлемейді. Ал Қазақстан бойынша жалпы 3,3 млн адам әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемін төлемейді. Яғни бұл азаматтар формальді түрде жұмыс істейді деп тіркелген. Жұмыссыз немесе жұмыс істегеннің өзінде табысы күнкөріс деңгейінен төмен деген сөз. Осы қарапайым есептің өзі еліміздегі жұмыссыздық деңгейі халықтың 4,5%-ынан жоғары екенін көрсетіп отыр. Сондық елімізде әлеуметтік тыныштық болуы үшін еңбек қатынастарын қайта қарап, нақты, шынайы жұмыссыздық деңгейін анықтау қажет. Өйткені өзіміздің халқымызды алдауға болмайды. Бұл - бүгінгі таңдағы саяси тұрақтылықтың негізгі факторы. Сол себепті осы мәселені қалай, қашан және қандай әдістемемен жасауға болады? – деп сұрады мәжілісмен Үкімет мүшесінен.

Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бұл мәселе осыған дейін депутаттармен талқыланғанын атап өтті.

Әсіресе ауылдық жерлерде 1,5 млн адам қамтылмағаны туралы айтылды. Бірақ бүгінгі нақты деңгейлік көрсеткіш статистикалық деректермен негізделген. Ол халықаралық нормативтерге де негізделе отырып есептелген. Сондықтан Әлеуметтік кодексті талқылау барысында оны депутаттармен қарастыруға дайынбыз, - деп қысқа жауап берді Ералы Тоғжанов.

Өзгелердің жаңалығы