Шымкенттіктер үшін тағы бір демалыс аймағы пайда болды

25 Желтоқсан 2023, 19:21
4307
Бөлісу:
Шымкенттіктер үшін тағы бір демалыс аймағы пайда болды
PHOTO
Фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін Түркістан орталығындағы «Спутник» гүлзары қайта ашылып, шымкенттіктер үшін тағы бір демалыс аймағы пайда болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

А.Байтұрсынов пен Түркістан көшелерінің қиылысында орналасқан гүлзар ертеректе қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнының бірі болған. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары гүлзардың орны кәсіпкерлерге беріліп, гүлзардың орнына сауда нысандары салынған болатын.

Шымкенттіктер үшін тағы бір демалыс аймағы пайда болды

Алайда, кәсіпкерлік нысандарға тұрғындар тарапынынан наразылық тудырып келген еді. Кәсіпкерлер бизнеске қолайлы екенін алға тартып, сауда орталығын салуды көздесе, халық тұрғындар үшін жайлы орта, таза ауа, демалыс аймағы болғанын қалады.

Шымкенттіктер үшін тағы бір демалыс аймағы пайда болды

Ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, тұрғындардың талап-тілектері мен өтініштерін дер кезінде орындау – әкімдік жұмысының басты бағыттарының бірі. Осы Тұжырымдама негізінде тұрғындардың өтінішіне құлақ асып, гүлзарды қайта қалпына келтіру жөнінде шешім қабылданған болатын.

Шымкенттіктер үшін тағы бір демалыс аймағы пайда болды

Жалпы аумағы 50 соттық болатын гүлзарда 100-ге жуық тал көшеті отырғызылған. Оның ішінде қайың, акация, шынар, емен, талшын көшеттері бар.

Ондағы хай-тек стиліндегі шамдар, көпшілікке жайлы бастырмалар мен әткеншектер ерекше үйлесім тапқан. Қысы-жазы гүлзарды көкке орап, аптап ыстықта сая болар қылқан жапырақты көшеттер отырғызылған.

Шымкенттіктер үшін тағы бір демалыс аймағы пайда болды

Ал, сол маңдағы көп қабатты тұрғын үйдің жапсарлас қақпасы петроглифтермен әрленсе, 2000 шаршы метр болатын аяқжолға мәрмәр тас, 2200 шаршы метр аумаққа шым төселген.

Гүлзарды қалпына келтіру және абаттандыру жұмыстары демеушілердің арқасында 1 ай ішінде жүзеге асырылды.

Өзгелердің жаңалығы