Шымкенттегі жол апаты. Тағы бір жасөспірім көз жұмды

9 Сәуір 2023, 15:23
1886
Бөлісу:
Шымкенттегі жол апаты. Тағы бір жасөспірім көз жұмды
Фото: скрин

Шымкентте аялдамада тұрған автобус орнынан қозғалып кетіп, жаяу жүргіншілер жолағындағы адамдарды соққан оқиғада көз жұмғандар саны 5 адамға жетті, деп хабарлады өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Олардың үшеуі оқиға орнында қаза болса, екеуі ауруханада көз жұмған.

8 сәуір, кешкі сағат 18:43–те Шымкент қаласының Жедел жәрдем қызметіне шақырту түст. 4 жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына жетті. Барлығы 6 адам зардап шеккен екен. Оның үшеуі сол жерде көз жұмған. Жедел жәрдем бригадасы қалған үш адамды жарақатының ауырлығына байланысты сол маңдағы ауруханаларға жеткізді. Екеуінің жарақаты ауыр болды. Оларды облыстық балалар ауруханасы мен перинаталды орталыққа апарды. Дәрігерлер олардың өмірін сақтап қалу үшін реанимациялық шаралар көрсетті, бірақ ауыр жарақат салдарынан екеуі көз жұмды, – Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нақыпқызы.

Үшінші науқасты Шымкент қаласының клиникалық ауруханасына жатқызыпты. 2005 жылы туған қыздың жағдайы бірқалыпты. Аурухананың нейрохирургия бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің бақылауында екен.

8 сәуір, кешкісін сағат 18:30 шамасында Шымкент қаласының Бәйтереков көшесінің Назарбаев даңғылы мен Назарбеков көшесі аралығындағы тұсында ауыр апат болды. Аялдама жанында тұрған №21 бағыттағы автобус орнынан жүріп кетіп, қарсы бағытқа шыққан. Жолдың шетіне ойысып, жаяу жүргінші жолағындағы 6 адамды қағып кетті.

Полицейлер автобуста жүргізуші де, жолаушы да болмағанын анықтады. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Автобустың жарамдылығын тексеретін автотехникалық сараптама тағайындалған. Жүргізуші уақытша ұстау абақтысына қамалды.

Өзгелердің жаңалығы