Шымкентте Қайрат Нұртас концерті кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алдын ала мәлімет бойынша, сатылған билеттер саны концерт өтетін алаңның белгіленген сыйымдылығынан едәуір асып кеткен. Соның салдарынан көрермендер жаппай жиналып, олардың қауіпсіздігіне қатер төнген.
Адамдардың қысылуы салдарынан 18 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Әлеуметтік желілерде тараған адам өлімі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қаза тапқандар жоқ. Концертті ұйымдастырушы, 1984 жылы туған Л. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп мәлімдеді полиция.
Қазіргі уақытта осы оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Тергеу барысы Шымкент қаласы Полиция департаменті басшылығының бақылауында. Полиция азаматтарды тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырады. Сондай-ақ көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік бар екенін еске салады, – деді департамент.
Еске салайық, 10 қазанда Шымкентте Қайрат Нұртас концертіне кіреберісте адамдар арасында кептеліс болған.
Аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.