Бұған дейін Астанадағы Сарайшық ауданында орналасқан «Samsa food» аспаздық цехында санитарлық талаптардың бұзылғаны анықталып, кәсіпкерлік нысанның қызметіне тыйым салынған еді. Дәмхана иесі бүгін көпшілік алдына шығып, кешірім сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Мен бүгін сіздерден кешірім сұрауға шықтым. Пост салдық, посттан кейін де бұл дау-дамайлар тоқтамай жатыр. Мен көп тәкаппарлыққа кетіп қалыппын. Мұншалықты дауға айналып кететінін білген жоқпыз. Білім болған жоқ. Бизнесті қолымыздан келгенше отбасылық кризистен шығу үшін бастап кеттік», - дейді кәсіпкер келіншек.
Оның айтуынша олардың мақсаты ақша табу, баю болмаған.
«Негізі бұл бизнеске біз үлкен қызымыздың диагнозын білгеннен кейін келгенбіз. Мақсат – ақша табу, баю болмаған. Мақсат – қызымызды диагнозынан қаншалықты ерте шығарып алу болған. Үлкен қызымыз 8 жаста. Диагнозы аутизм. Оның күтімі, оның сабақтары үлкен қаражат. Жалпы мен мұндай бизнес жасаймын деп ойлаған жоқпын. Қызымды апаратын коррекционный центрларына қаражат жетсе болды деп басталған нәрсе. Қолымызда адамдар жұмыс жасайды. Ол адамдардың да несібесі осы біз арқылы келіп тұр. Жалпы командадан да, сіздерден де, отбасымнан да кешірім сұраймын. Менікі дұрыс болған жоқ. Бірақ, сұрінбейтін адам жоқ. Сіздердің ақ көңілдеріңізге, кең пейілдеріңізге сенемін. Әрі қарай осы жерден дауды тоқтатсақ. Себебі маған қазір оңай болып жатқан жоқ. Журналистерден де кешірім сұраймын. Бірдеңе бастау емес, қазір өзіме уақыт бөлуім керек. Оқуым керек, үйренуім керек», - дейді әйел.
Айта кетейік, оқиға бұған дейін Threads әлеуметтік желісінде тараған видеолардан басталды. Кадрларда қызметкерлердің пицца қамырына кетчупты қолмен жағып жатқаны, сондай-ақ жерге түскен самсаны көтеріп, қайтадан ыдысқа қойған дәмхана иесінің әрекеті көрсетілген.
Жарияланымда дәмхананың қаладағы дүкендерге де дайын тағам жеткізетіні айтылған.
Осыдан кейін Астана қаласы Сарайшық ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына тұрғындардан бес өтініш түскен. Азаматтар шағымдарын e-Otinish жүйесі арқылы жолдаған.
Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, видеода көрсетілген аспаздық цех пен дәмхана Өзбекәлі Жәнібек көшесі, 18 мекенжайында орналасқан. Екі нысан да қызметін бастағаны туралы міндетті хабарламаны бермей жұмыс істеген.
Тұрғындардың өтініштері негізінде аудандық басқарма нысанға қатысты жоспардан тыс тексеру тіркеген.