Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінде адамдар бір-бірін таптап кетті: Бір қыздың жағдайы ауыр

Freedom Афиша құқық қорғау органдарымен ынтымақтасуға дайын екенін мәлімдеді. Әнші әзірге оқиғаға қатысты пікір білдірмеді.

 instagram.com/kair_n 11 Қазан 2026, 10:27
11 Қазан 2026, 10:27
308
Фото: instagram.com/kair_n

10 қазанда Шымкентте Қайрат Нұртас концертіне кіреберісте болған кептелістен зардап шеккен қыздардың бірі ауыр халде жатыр. Freedom Афиша компаниясы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасап, алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жарақат алған 18 жастағы қызды жедел жәрдем бригадасы ауруханаға жеткізген. Оған оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін ауруханаға жатқызылған. Қазір оның жағдайы ауыр, дәрігерлер денсаулығын бақылап отыр.

Freedom Афиша өкілдері оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын және құқық қорғау органдарына көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

Компанияның түсіндіруінше, концертті ұйымдастырушы – Show Service. Ал Freedom Афиша ұйымдастырушы белгілеген квота шегінде билеттер сатуға, сондай-ақ билеттерді тексеріп, білезіктер таратқан еріктілердің жұмысын үйлестіруге жауапты болған.
Компанияның мәлімдеуінше, концерт өтетін алаңды дайындау, көрермендерді кіргізуді ұйымдастыру және күзет қызметін тарту оның жауапкершілігіне кірмеген.

Қазір ең маңыздысы – адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігі», – деп атап өтті Freedom Афиша өкілдері.

Компания оқиғаның мән-жайын анықтау үшін құқық қорғау органдарына іс-шараға дайындық барысы мен алаңдағы команда жұмысына қатысты материалдарды қоса алғанда, қолда бар ақпаратты ұсынуға дайын екенін де жеткізді.

Freedom Афиша зардап шеккендер мен оқиғаның куәгерлерін компаниямен байланысуға шақырды. Жағдайды анықтау нәтижелері туралы тексерілген ақпарат пайда болған сайын хабарлап отыруға уәде берді.

Қайрат Нұртас әзірге оқиғаға қатысты көпшілік алдында пікір білдірген жоқ.

Наверх