Жасанды интеллект тақырыбына арналған AI Journey 2026 халықаралық форумы қарсаңында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Кремльде Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы жасанды интеллект пен цифрландыруды дамытудың маңызына тоқталып, Қазақстанның осы бағытта атқарған жұмыстарына назар аударды.
– Алғашқы форумды 2020 жылы Covid пандемиясы тұсында онлайн режимде өткізгеніміз есімде. Сол кезде Сіз үш-төрт жыл ішінде жасанды интеллект, цифрландыру тақырыбы алдыңғы орынға шығатынын айтқан едіңіз. Дәл солай болды. Қазір бәрі жоғары технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект келешектің келбетін қалай өзгертетінін айтып жатыр. Сондықтан осы жолғы форум, ең алдымен, біз үшін айрықша өзекті. Өйткені шын мәнінде цифрландыруға, жасанды интеллектіні дамытуға баса мән беріп отырмыз. Биыл Қазақстанда Жасанды интеллектіні дамыту жылы болып жарияланды. Біраз шаруа атқарылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының E-Government, яғни электрондық үкімет пен адам капиталын дамыту рейтингінде 16-орынға табан тіредік. Бұл деңгейге 24-орыннан көтерілдік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның ресейлік жоғары технологиялық компаниялардың тәжірибесін, әсіресе киберқауіпсіздік саласындағы жұмыстарын қызығушылықпен зерделеп отырғанын айтты.
– Менімен бірге үлкен делегация келді. Олардың қатарында цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары енгізіліп жатқан барлық бизнес саласының өкілдері бар. Ресейдің жоғары технологиялық бизнесі Қазақстанда кеңінен танымал. «Сберді» және елімізде ең үлкен жұмыс берушілердің бірі саналатын «Яндекс Қазақстан» компаниясын айрықша атап өткім келеді. Аталған бизнес өте жақсы дамып жатыр. Ресейлік компанияның біздің нарықтағы қызметіне көңіліміз толады, оларға барынша қолдау көрсетеміз, – деді Мемлекет басшысы.