- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстанда биылғы қыс қандай болады? Сарапшылар болжамы
Қазақстанда биылғы қыс қандай болады? Сарапшылар болжамы
26 Қараша 2026, 07:30
Қараша айында Қазақстан аумағына солтүстік-батыстан келетін циклондар сериясы әсер етіп жатыр. Соның салдарынан елдің басым бөлігінде салыстырмалы түрде жылы ауа райы қалыптасқан. Алайда синоптиктер алдағы күндері ауа температурасы төмендеп, жауын-шашын түсетінін болжайды. Сонымен қатар мамандар 2026-2027 жылдардағы қыс мезгіліне қатысты консультативтік маусымдық болжамын жариялады. Бұл туралы Қазгидромет мамандарының BAQ.KZ редакциясына берген жауабында айтылған.
Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері Қазақстан аумағындағы ауа райына солтүстік-батыс циклоны және онымен байланысты атмосфералық фронтальды бөліктер әсер етеді. Осыған байланысты республиканың басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады.
Мамандар ауа температурасының біртіндеп төмендейтінін ескертеді. 28 қарашада күндіз елдің батысында, солтүстік-батысында, солтүстігінде және орталығында ауа температурасы 0-ден 5 градусқа дейін аяз болады. Оңтүстік-батыс пен шығыста 0-ден +5 градусқа дейін жылы болса, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде +5...+10 градус шамасында сақталады. Ал таулы аудандарда 0...-5 градус аралығында болады деп болжануда.
Сондай-ақ 27 қарашада еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын түседі. Оның басым бөлігі қар түрінде жауады. Бұл күндері ауа температурасының да төмендеуі күтіледі.
2026–2027 жылдардағы қыс қандай болады?
Синоптиктердің консультативтік маусымдық болжамына сәйкес, 2026–2027 жылдардағы қыс салыстырмалы түрде жылы болады. Ал жауын-шашын мөлшері негізінен климаттық норма шамасында күтіледі.
Дегенмен елдің кейбір өңірлерінде жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болуы мүмкін. Атап айтқанда, Қазақстанның солтүстік-батысы, солтүстігі, солтүстік-шығысының жекелеген аудандары мен Орталық Қазақстанда жауын-шашынның көбірек түсу ықтималдығы бар.
Мамандар қыс мезгілінде бұрқасын, желдің екпінді соғуы, көктайғақ пен тұман сияқты қолайсыз метеорологиялық құбылыстар болуы мүмкін екенін ескертеді.
Сонымен қатар қыс бойы ауа температурасының күрт құбылады деп болжанып отыр. Синоптиктер температураның осылайша жиі өзгеруі қар жамылғысының ішінде мұз қабатының түзілуіне ықпал етуі мүмкін деп түсіндірді.
Желтоқсанда ауа райы қандай болады?
2026 жылғы желтоқсанда орташа айлық ауа температурасы республиканың басым бөлігінде климаттық нормадан 1–2 градус жоғары болады деп күтіледі.
Ал Шығыс Қазақстан облысында, Абай облысының оңтүстік-шығыс жартысында, Жетісу облысының шығыс жартысында және Алматы облысының шығысында ауа температурасы климаттық норма шамасында болады.
Желтоқсанда жауын-шашын мөлшері Қазақстан аумағының басым бөлігінде климаттық нормаға сәйкес болжанып отыр.
Синоптиктердің болжамынша, желтоқсандағы орташа ауа температурасы республиканың басым бөлігінде, сондай-ақ оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында -5...-13 градус аралығында болады. Шығыс Қазақстан облысының қиыр шығысында аяз -17 градусқа дейін жетуі мүмкін.
Ал еліміздің оңтүстік және оңтүстік-батыс бөлігінде орташа температура -4...+3 градус шамасында болады деп болжануда.
Қаңтарда қай өңірлерде күн суық болады?
2027 жылғы қаңтарда республиканың басым бөлігінде орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1–2 градус жоғары болады деп күтіледі. Алайда елдің солтүстік-батыс жартысындағы бірқатар өңірде ауа температурасы климаттық норма шамасында сақталуы мүмкін. Олардың қатарында Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігі, сондай-ақ Ақмола облысының солтүстік-батыс жартысы бар.
Қаңтар айындағы жауын-шашын мөлшеріне қатысты болжам бойынша, республиканың басым бөлігінде көрсеткіш климаттық норма шамасында болады.
Ал Батыс Қазақстан облысының оңтүстік-батысында, Атырау облысының батысында және Маңғыстау облысында жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болуы ықтимал.
Керісінше, Қызылорда облысының оңтүстік-шығыс жартысында, Ұлытау облысының қиыр оңтүстік-шығысында, Қарағанды және Абай облыстарының қиыр оңтүстігінде, сондай-ақ Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарының солтүстік жартысында жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан төмен болады деп болжанып отыр.
Ақпанда қар қалың түсуі мүмкін
2027 жылғы ақпанда Қазақстанның басым бөлігінде орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1–3 градус жоғары болады деп күтіледі. Ал республиканың солтүстігі мен шығысында температура климаттық норма шамасында сақталуы мүмкін. Бұл болжам Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына, Павлодар облысының басым бөлігіне, Абай облысының солтүстік-шығыс жартысына, сондай-ақ Қостанай және Ақмола облыстарының солтүстігіне қатысты.
Ақпан айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде климаттық нормадан жоғары болады деп болжанып отыр.
Ал елдің батыс жартысында жауын-шашын мөлшері негізінен норма шамасында күтіледі. Атап айтқанда, бұл Батыс Қазақстан, Атырау және Түркістан облыстарына, Ақтөбе, Маңғыстау, Қостанай және Қызылорда облыстарының басым бөлігіне, Ұлытау облысына, Ақмола облысының қиыр оңтүстік-батысына, Қарағанды және Жамбыл облыстарының қиыр батысына қатысты.
Сонымен қатар кейбір өңірлерде жауын-шашын мөлшері нормадан төмен болуы мүмкін. Олардың қатарында Маңғыстау облысының оңтүстік-шығыс жартысы, Ақтөбе облысының оңтүстігі және Қызылорда облысының оңтүстік-батысы бар.
Осылайша, синоптиктердің маусымдық болжамы бойынша, алдағы қыс Қазақстанның басым бөлігінде салыстырмалы түрде жылы болғанымен, ауа температурасының күрт өзгеруі, қарлы боран, көктайғақ және жауын-шашынның мол түсуі сияқты құбылыстармен ерекшеленуі мүмкін.
Ең оқылған:
- Астана, Алматы және Шымкентте алдағы үш күнде күн күрт суытады
- Ертең бірнеше өңірде қар жауып, жел тұрады
- Қостанайда 45 студент оқудан шығарылып, колледж директоры қызметінен босатылды
- Құрылтайда жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті
- 63 млн теңге айналым: Ақтауда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушы қамауға алынды
Сымбат Сатыбалдина