Шымкентте жаңадан төселген тротуар опырылып, бойжеткен шұңқырға құлап кетті

 скрин 13 Қараша 2026, 08:59
13 Қараша 2026, 08:59
103
Фото: скрин
 
Шымкент қаласындағы Түркістан көшесінде жаңадан төселген тротуар опырылып, бойжеткен шұңқырға құлап кеткен. Оны оқиға орнындағы адамдар дер кезінде шығарып алған, деп хабарлайды BAQ.KZ almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Оқиға қала орталығындағы адам көп жүретін көшелердің бірінде болған. Жәбірленушінің айтуынша, құлау салдарынан аяғы көгеріп, киімі лай болған. Ол мұндай жағдайдың қайталануына алаңдаушылық білдірді.

Тұрғындардың сөзінше, осы аумақта екі апта бұрын жылу құбыры жөнделіп, тротуарға жаңа жабын төселген. Алайда көп ұзамай жолдың бір бөлігі опырылып түскен.

Оқиғаға қатысты «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны түсініктеме берді. Мекеме өкілдерінің мәліметінше, бұған толассыз жауған жаңбыр себеп болған.

Жауын-шашын салдарынан жылу құбыры өтетін аумақтағы тротуар плиталары түсіп қалған. Зақымданған жердің жалпы аумағы 2 шаршы метрді құрайды. Қазір бүлінген бөлікке жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аумақ толық қалпына келтірілді, – делінген мекеме баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қазіргі уақытта опырылған аумақ қайта жөнделген. Дегенмен тұрғындар жолдың сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық білдіріп отыр.

Наверх