Шымкент станциясындағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері «Ташкент – Алматы» жолаушылар пойызының терезесін зақымдауға қатысы бар бес кәмелетке толмаған баланы анықтады.
Оқиға «Бадам – Игілік» теміржол аралығында болған. Белгісіз адамдар вагонның сыртқы әйнегін зақымдаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында көлік полицейлері Бадам станциясының 8, 9 және 10 жастағы бес тұрғынын анықтады. Бұл туралы Шымкент станциясындағы КБП бастығының орынбасары Ескендір Баймұрзаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, заңды өкілдерінің қатысуымен балалар өздерінің оқиғаға қатысы бар екенін мойындаған. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін ата-аналары жаупакершілікке тартылды. Сот шешімімен әр ата-анаға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
«Пойыздардың терезелерін зақымдау – жай ғана бұзақылық емес, жолаушылар мен теміржол қызметкерлерінің қауіпсіздігіне төнетін нақты қауіп. Лақтырылған бір ғана зат адамның жарақат алуына әкелуі мүмкін. Сондықтан біздің міндетіміз – құқық бұзушыларды анықтап қана қоймай, осындай жағдайлардың алдын алу», – деді полиция подполковнигі.
Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында көлік полицейлері прокуратура және әкімдік өкілдерімен бірлесіп теміржолға жақын орналасқан мектептер мен тұрғын алаптарда профилактикалық кездесулер өткізуде.
Жыл басынан бері Шымкент станциясының қызмет көрсету учаскесінде пойыздардың шұғыл тежелуіне қатысты 43 факт тіркелген. Оның 23-і теміржол жолдарында адамдардың болуына байланысты орын алған. Теміржолды белгіленбеген жерлерден кесіп өткені үшін 1 777 адам жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар пойыздардың терезелерін зақымдаудың 9 фактісі тіркелді.
Айта кетейік, бұған дейін пойызға тас лақтырғандар қандай жауапкершілікке тартылатынын жазған болатынбыз.
Тағы оқи отырыңыз:
Қырағы машинист теміржол бойында жалғыз жүрген 4 жасар баланы құтқарып қалды
Атырау облысында ер адам пойыз астына түсіп қаза тапты
Астана-1 вокзалы жаңа кейіпке енеді: Ауданы ұлғайып, заманауи лифтілер орнатылуда