Инновация бойынша – 73-орын, AI дағдылары бойынша – 55-орын: Қазақстан әлемдік рейтингтерде қалай көрінді

Қазақстан 2026 жылы инновация мен AI дағдылары бойынша жоғары көтерілді. Назарбаев Университеті де әлемдік рейтингте жаңа нәтижеге жетті.

 ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев 30 Қыркүйек 2026, 17:31
30 Қыркүйек 2026, 17:31
400
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Қазақстан 2026 жылы бірден бірнеше халықаралық бағыт бойынша өз позициясын жақсартты. Атап айтқанда, инновациялар, жасанды интеллект дәуіріндегі дағдыларды дамыту және университеттердің әлемдік рейтингтердегі көрсеткіштері бойынша ілгерілеу байқалды. Жаңа нәтижелерді Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (WIPO), Coursera және Times Higher Education жариялады.

Көрсеткіштер әртүрлі рейтингтерге қатысты және әрқайсысы өз әдістемесі бойынша есептеледі. Дегенмен олардың нәтижелері Қазақстанның инновациялар, адами капитал және жоғары білім беру салаларындағы жағдайы туралы жалпы түсінік береді.

Қазақстан инновациялар деңгейі бойынша сегіз сатыға көтерілді

WIPO-ның 2026 жылғы Жаһандық инновациялар индексінде Қазақстан әлемдегі 139 экономиканың арасында 73-орынға ие болып, 2025 жылмен салыстырғанда бірден сегіз сатыға көтерілді.

Бұл – елдің соңғы он жылдағы ең үздік нәтижесі.

Орталық және Оңтүстік Азия бойынша өңірлік рейтингте Қазақстан екінші орынға көтерілді. Бірінші орында – Үндістан. Иран әлемдік рейтингте 76-орынға, Өзбекстан 77-орынға орналасты.

Соңғы жылдары Қазақстанның Global Innovation Index рейтингіндегі орны мынадай болды: 2022 жылы – 83-орын, 2023 жылы – 81-орын, 2024 жылы – 78-орын, 2025 жылы – 81-орын, ал 2026 жылы – 73-орын.

Ең елеулі өсімдердің бірі білім мен технология саласындағы нәтижелерге қатысты блокта байқалды.

Назарбаев Университеті алғаш рет THE әлемдік топ-400 тізіміне енді

Times Higher Education World University Rankings 2027 рейтингінде де елеулі өзгерістер болды.

Nazarbayev University алғаш рет әлемдегі үздік университеттердің 376-400 аралығындағы тобына енді. Қазақстандық жоғары оқу орындары арасында бұл – ең жоғары нәтиже.

Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, университет ТМД, Орталық Азия және Кавказ елдерінің жоғары оқу орындары арасында да көш бастап тұр.

Nazarbayev University-дің ең жоғары көрсеткіші зерттеу сапасы бойынша тіркелді – 100 балдың 84,1-і. Халықаралық ашықтық 71 балға, индустриямен өзара іс-қимыл 47,2 балға, зерттеу ортасы 34,3 балға, ал оқыту көрсеткіші 29 балға бағаланды.

Сонымен қатар оқыту көрсеткіші үшінші жыл қатарынан өсіп келеді: 2025 жылы 24,3 балдан 2026 жылы 26,5 балға, ал 2027 жылғы рейтингте 29 балға дейін артқан.

Қазақстанның THE World University Rankings рейтингіндегі жалпы көрсеткіші де кеңейді. Рейтингке еліміздің 10 университеті енді. Салыстыру үшін, 2020 жылы олардың саны үшеу болса, 2026 жылы – бес университет болған.

Тағы бір жаңа нәтиже – С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 1201-1400 аралығындағы топқа енуі. Ол осы рейтингке енген Орталық Азиядағы алғашқы медициналық университет атанды.

Nazarbayev University мен С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінен бөлек, рейтингке әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Satbayev University, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті енді.

Қазақстан Coursera дағдылар индексінде 55-орын алды

Тағы бір нәтиже жасанды интеллект кеңінен таралған жағдайда қажетті дағдыларды дамытуға қатысты.

Coursera-ның Global Skills Report есебі аясында ұсынылған жаңа AI-Human Skills Synergy Index 2026 индексінде Қазақстан 98 елдің арасында 55-орынға ие болды.

Индекс жасанды интеллект саласындағы техникалық дағдылар мен сыни ойлау, коммуникация, көшбасшылық, креативтілік және күрделі міндеттерді шешу қабілеті сияқты адами құзыреттердің қаншалықты қатар дамып жатқанын бағалайды.

Көрсеткішті есептеу кезінде 60%-ы Coursera платформасындағы пайдаланушылардың 2025 жылғы сәуірден 2026 жылғы наурызға дейінгі оқу барысы мен нәтижелері туралы деректерге негізделді. Қалған 40%-ын жасанды интеллектті дамыту және енгізу бойынша мемлекеттік дайындықты көрсететін Oxford Insights Government AI Readiness Index 2025 деректері құрады.

Қазақстан 65-орында тұрған Әзербайжаннан 10 саты, ал 93-орынға орналасқан Өзбекстаннан 38 саты жоғары болды. Қазақстанға шартты түрде топ-50 тобына ену үшін тағы бес орын жетіспеді.

Coursera материалдарында жоғары білім беру жүйесінде жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді дамытуға бағытталған, 100-ден астам жоғары оқу орнын біріктіретін қазақстандық AI-SANA жобасы да жеке атап өтілді.

WIPO, Coursera және Times Higher Education рейтингтері әртүрлі бағыттарды бағалайды және оларды бір-бірімен тікелей салыстыруға болмайды. Global Innovation Index елдің инновациялық жүйесінің жағдайын көрсетсе, Coursera цифрлық және адами дағдылардың үйлесімін бағалайды. Ал THE университеттердің сапасы мен халықаралық бәсекеге қабілеттілігін бағалайды.

Соған қарамастан, 2026 жылғы нәтижелер Қазақстанның технологиялар, мамандар даярлау және жоғары білім беру салаларымен байланысты бірнеше бағытта бір мезгілде өз позициясын жақсартқанын көрсетеді.

Наверх