Шымкентте бір отбасының 5 адамы газдан уланып, қаза болды

27 Қазан 2023, 19:08
1465
Бөлісу:
Шымкентте бір отбасының 5 адамы газдан уланып, қаза болды
Фото: Артём Чурсинов - архив

Шымкентте бес адамнан құралған отбасы газдан уланып, қайтыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

27 қазан сағат 12:10-да Шымкент қаласы ТЖД-ға 102 қызметінен хабарлама түсті. Шақырту орнына барған қызметкерлер жер үйден бес адамның денесі тапты.

Белгілі болғандай, бүтін бір отбасы газдан уланған. 

Олардың арасында үш бала бар. Балалардың үлкені 16 жаста болса, кішкентайлары - 15 және 11 жаста болған, - делінген хабарламада.

"ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ баспасөз қызметі осы оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

Компания мәліметінше, үй иесі газбен қамту жүйесіне өз еркімен қосылып алған. 

Бұған дейін газ қызметкерлері үйді газдан ажыратып тастаған. Себебі рейд барысында үйдің қазандығының жағдайын көрген. Оқиға орнын тексерген апаттық бригада жылыту қазандығының түтін шығаратын мұржасы, қазандықтың корпусы да болмағанын анықтады. Бұдан бөлек қазандық автоматика жүйесінен ажыратылған. Ал үй-жайда желдеткіш канал орнатылмаған, - делінген хабарламада.

Қайғылы жағдай болған тұрғын үйге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков барды. Ол қаза болғандардың туыстарына көңіл айтты. Айтуынша, қазір көпқабатты үйлермен қоса жеке секторларда кешенді тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Бүгін Ынтымақ шағын ауданындағы жеке үйде газбен улану салдарынан 5 адам қаза тапты. Барлық жедел қызмет көрсету мекемелері оқиға орнына шұғыл түрде барды. Қаза тапқандардың туыстарымен кездесіп, жақындарынан айрылған жандарға көңіл айттым. Өз тарапымыздан барлық қажетті қолдау көрсетеміз. Төтенше жағдайлар департаментіне, газ беру қызметтеріне, аудан әкімдіктеріне көпқабатты және жеке секторлардағы газ жабдықтарын бақылау мақсатында кешенді тексеру жүргізуді тапсырдым. Одан бөлек, пешпен жылыту қолданылатын үйлер де тексеріледі. Қаламыздың тұрғындарын пәтерлерде, жеке үйлерде газды пайдалану кезінде қауіпсіздік техникасын қатаң сақтауды сұраймын. Аталған фактілер орын алған жағдайда 102, 103, 104 номері арқылы арнайы қызметтерді жедел түрде хабардар ету қажет, - деп жазды әкім Instagram-дағы парақшасында.

Айта кетейік, полиция ҚР ҚК 292-бабы, 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. 

Бұған дейін Абай облысының Аягөз ауданында үйден өрт шығып, бір отбасының төрт баласы қаза болған еді.

Өзгелердің жаңалығы