Шымкентте 13 млн теңгеден астам қаржыны жымқырған мектеп бухгалтері сотталды

12 Маусым 2025, 08:10
611
Бөлісу:
 istockphoto.com
Фото: istockphoto.com

Шымкент қаласында №43 мектептің бас бухгалтері Айдана Мекемтас 13 млн теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлағаны үшін екі жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сот мәліметіне сәйкес, 27 жастағы Мекемтас 2022 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың тамызына дейін мектептің электронды цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, 15 мұғалімнің жалақысын үнемі негізсіз көтеріп отырған. Артынша техникалық қате орын алды деген желеумен артық төленген қаражатты өзінің жеке есепшотына қайтаруды сұраған.

Бұған қоса, ол мектепке арналған тауарларды сатып алуға бөлінген қаражатты жеке кәсіпкердің шотына аударып, кейін оны да өз пайдасына жаратқан. Мемлекетке келтірілген жалпы залал 13 миллион теңгеден асты.

Сот барысында Мекемтас кінәсін толық мойындап, ұрланған қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын айтып, келтірілген шығынды толығымен өтеген.

Шымкент қаласының соты оны ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-бөлігі 1 және 2-тармақтары ("Қызмет бабын пайдалана отырып, сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе жымқыру") бойынша кінәлі деп таныды. Сот үкімімен ол екі жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойына мемлекеттік және квазимемлекеттік органдарда жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Қалалық білім басқармасы жәбірленуші тарап деп танылып, үкім заңды күшіне енді. Сотталушы мәжіліс залында қамауға алынды. Жазасын қауіпсіздігі ең төмен мекемеде өтейтін болады.

Өзгелердің жаңалығы