Ғабит Сыздықбеков Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Үкіметтің баспасөз қызметі мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Шымкентке барып, қалалық мәслихат депутаттарының жиналысына қатысты. Жиналыс барысында депутаттарға қала әкімі лауазымына Рашид Мыңбаев пен Ғабит Сыздықбековтің кандидатуралары таныстырылды. Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тиісті хатын оқыды. Ашық дауыс беру нәтижесінде 10 депутат Р. Мыңбаевқа дауыс беріп, 19 депутат Ғ. Сыздықбековтің кандидатурасын қолдады. Жиналысқа барлығы 29 депутат қатысты.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Ғабит Әбдімажитұлы Сыздықбеков Шымкент қаласының әкімі лауазымына тағайындалды, - делінген Ақорда таратқан хабарламада.
Ғабит Сыздықбеков 1980 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң университетін, РФ СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген.
Еңбек жолын 2004 жылы ҚР СІМ Мемлекеттік протокол қызметінің атташесі қызметінен бастаған.
2005-2006 жылдары – ҚР СІМ Мемлекеттік протокол қызметінің үшінші хатшысы; ҚР СІМ Еуропа және Америка департаментінің үшінші хатшысы.
2006-2007 жылдары – ҚР СІМ Кеңсесі баспасөз қызметінің үшінші хатшысы; екінші хатшысы.
2007-2011 жылдары – ҚР Парламенті Сенатының аппаратында түрлі лауазымдарды атқарған.
2011-2012 жылдары – ҚР СІМ Азия және Африка департаментінің басқарма басшысы.
2012-2017 жылдары – Франция Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің кеңесшісі.
2017 жылғы тамызда ҚР СІМ Әкімшілік және бақылау департаментінің кеңесшісі болды.
2017-2019 жылдары – ҚР Парламенті Сенаты төрағасының кеңесшісі; ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетімен өзара іс-қимыл бөлімінің меңгерушісі.
2019 жылғы мамырдан бастап қыркүйекке дейін – ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі.
2019 жылғы қыркүйектен бастап 2021 жылғы шілдеге дейін Қазақстан Республикасының Сербия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін атқарды.
2021 жылғы шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің Кеңсесі басшысының бірінші орынбасары болды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мұрат Әйтенов Шымкент қаласының әкімі қызметінен кетті.