Шығыс Қазақстанның мемлекеттік мұрағатына 80 жыл толды

17 Сәуір 2020, 17:39
1844
Бөлісу:
Шығыс Қазақстанның мемлекеттік мұрағатына 80 жыл толды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. 1,4 миллионнан астам материал сақталған облыстық мемлекеттік мұрағаттың іргесі қаланғанына биыл 80 жыл толды.

Сонау Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдары іргесі қаланған мемлекеттік мұрағат бүгінде еліміздің Мұрағат қорының ажырамас бөлігіне айналған. Аудан, қалалардағы алты филиалында 1,4 млн-нан астам архивтік материал сақталған мемлекеттік мұрағатта облыс тарихынан сыр шертетін құнды жылнамалар да жинақталған. Атап айтсақ, мұнда Өскемендегі Кеңес өкіметінің орнауына, өңірдегі өндіріс саласының дамуына, мәдениеті мен спортына қатысты көптеген материал бар.

772720df-1dac-4065-9dbe-dcd361695494.jpg

1940 жылдың 17 сәуірі күні Қазақстанның Ішкі істер Халық комиссариатының архив бөлімі Шығыс Қазақстан облыстық филиалының бастығы етіп Николай Чичевскийді тағайындаған болатын. Міне нақ осы күн Шығыс өңіріндегі мемлекеттік мұрағаттың бастау алған датасы болып саналады. Бүгінде 1,4 миллионнан астам материалы бар мұрағат жыл сайын 37 мың сұранысты қанағаттандырады, - дейді құжаттарды жариялау және қолдану бөлімінің бастығы Татьяна Шустова.

Мұрағаттың мұнымен ғана шектеліп қалмайтынын алға тартқан ол жылда аталып өтілетін атаулы күндер қарсаңында түрлі шараларға да атсалысатынын атап өтті. Ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар ұйымдастырып, дәрістер оқып, көрмелер ұйымдастыруға да машықтанған. Жыл сайын оқу залдарында алыс-жақын шетелдерден келетін 500-ден астам зерттеуші түрлі материалдарды қарайды. 1991-2020 жыладары аралығында облыстық мемлекеттік мұрағат пен оның филиалдары ел азаматтары мен шетелдіктерге 300 мыңнан астам анықтама жазып берген.

Бұдан бөлек, биыл Семей қаласындағы жаңа тарихты құжаттау орталығына да 100 жыл толып отыр. Семей өңірінің тарихын Азамат соғысы жылдарынан бері жинақтаған мекемеде мыңдаған материалдар қордаланған. Студенттер мен өлкетанушыларға таптырмайтын материалдар ұсынатын бұл мұрағатта тіптен 1905 жылдан бергі уақыт аралығында шығып келе жатқан газеттер де сақталған.

Өзгелердің жаңалығы