Шығармашылық одақтар ҮЕҰ ретінде конкурстарға қатыса алады - министр

29 Қаңтар 2021, 23:04
2445
Бөлісу:
Шығармашылық одақтар ҮЕҰ ретінде конкурстарға қатыса алады - министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Ұлттық кітапханада шығармашылық одақ өкілдерімен кездесті.

Басқосуға Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдаулет, Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек, Қазақстан театрлары ассоциациясының атынан Любовь Ни, Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов, Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов, Композиторлар қауымдастығының төрағасы Артық Тоқсанбаев, Дизайнерлер одағының төрағасы Қамбарбек Көшенов, Күйшілер одағының төрағасы Асқар Кенжеғалиев, Айтыс ақындары мен жыр, термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман, Қолөнершілер одағының өкілі Айжан Бекқұлова, «Гильдия критиков» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерфат Мамбеков, Хореографтар одағының төрағасы Дүйсенбек Нақыпов, Хор дирижерлары одағының өкілі Жібек Молдакәрімова және өзге де одақ өкілдері қатысты.

Жиында Ақтоты Райымқұлова одақ өкілдерімен Министрлік және шығармашылық өкілдері арасындағы жұмыс, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылатын конкурстарға қатысу жайын талқылады.

Министр өз сөзінде бүгінгі кездесудің мақсаты шығармашылық одақ өкілдеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мәселесін түсіндіріп өту екенін айтты.

Қазір елімізде мәдениет және өнер саласының 8 мыңнан астам өкілін (жазушы, дизайнер, композитор, музыка және театр қайраткері, хореограф, кинематографист, сәулетші, қолөнер шебері, суретші және т.б.) біріктіретін 16 республикалық және бірқатар өңірлік шығармашылық одақ жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін өздеріңізбен мәдени бағдарламаларды, түрлі іс-шараларды бірлесе атқарып келеміз. Осы ретте Министрлік айтыскерлер одағымен республикалық айтысты, кинематографистер одағымен Еуразия халықаралық кинофестивалін, театр одағымен «Сахнагер» ұлттық театрының форум фестивалін, Суретшілер одағымен сурет көрмелерін, Сәулетшілер одағымен халықаралық сәулетшілер съезін өткізуге қолдау көрсеткенін айтуға болады - деді министр.

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шығармашылық одақтарды қолдаудың жүйелі шараларын қабылдауға қатысты тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында мәдениет саласындағы шығармашылық одақтарды қолдау қарастырылғанын атап өтті.

Шығармашылық одақтар қолданыстағы заңнама сәйкес үкіметтік емес ұйымға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар мен сыйлықтар орналастыру жөніндегі конкурстарға қатыса алады. Осы ретте Министрлік мемлекеттік тапсырыс аясында шығармашылық одақтардың жобалаларын қолдау мақсатында қаржы бөліп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес конкурс жариялады. Алайда, коронавирус пандемиясына байланысты біраз іс-шара өтпеді, кейбірі онлайн форматқа ауысты. Сонымен қатар өздеріңізге белгілі болғандай ешбір шығармашылық ұйым ұсынған құжаттар талапқа сай келмегендіктен конкурс өтпеді деп танылды. Дегенмен Министрік тарапынан алдағы уақытта да Сіздерді қолдауға бағытталған шаралар жалғасын табады,-деді Ақтоты Райымқұлова.

Осыдан кейін сөз алған Нұрғиса Дәуешов Министрлік әрдайым одақтарға қолдау көрсетуге дайын екенін, бүгін қол қойылған екі жақты Меморандум аясында бірлесе жұмыс істейтінін жеткізді. Ал Күміс Сейітова мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жобаларды іске асыру тәртібін түсіндіріп өтті.

Өзгелердің жаңалығы