ШҚО-да қандай қылмыс түрі ең көп таралған?

12 Қаңтар 2024, 20:13
530
Бөлісу:
ШҚО-да қандай қылмыс түрі ең көп таралған?

Өткен 2023 жылдың қортындысы бойынша ШҚО-да мал ұрлығы мен интернет-алаяқтықтың ең көп фактісі тіркелген, деп хабарлайды BAQ.KZ Altaynews.kz-ке сілтеме жасап. 

Өткен жылы өңірдегі криминалдық полиция қызметкерлері 30-дан астам мал ұрлығын ашқан. Осылайша жалпы сомасы 400 миллион теңгеден асатын 100-ден астам мал иесіне қайтарылды.

Қыркүйек айында жайылымнан 54 бас жылқысы ұрланған Ұлан ауданының тұрғыны полицияға жүгінген. Оған жалпы құны 25 миллион теңге шығын келген. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Жарма ауданының бұрын сотты болған тұрғыны күдікті деп танылды. Ұсталған күдікті тәртіп сақшыларына қарсылық танытып, оқ атуға дейін барған, - дейді ШҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Алмаз Төкенов.

Десе де 2023 жылы мал ұрлығы фактілерінің саны 38% - ға азайған көрінеді. Ал, екінші қылмыс түріне келетін болса, әртүрлі тәсілдермен интернет-алаяқтықтың 1100-ден астам фактісі тіркеліпті.

Интернет-алаяқтық фактісі бойынша 82 қылмыстық іс қозғалып, оның 52-сі сотқа жолданды. Нәтижесінде жәбірленушілерге 120 миллион теңгеден астам шығын өтелген. Осы орайда облыс бойынша өскемендік тұрғындар интернет-алаяқтардың құрбанына айналатынын атап өту керек, - дейді Алмаз Төкенов.

Интернет-алаяқтықтың алдын алу және оған қарсы күрес бойынша "Киберпол" жобасы іске қосылып, өңірде өз жұмысын бастаған.

Өзгелердің жаңалығы