Шпекбаев бюджет қаржысын жымқырған арсыз шенеуніктер туралы айтты

29 Қаңтар 2021, 10:39
1454
Бөлісу:
Шпекбаев бюджет қаржысын жымқырған арсыз шенеуніктер туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы елордада өтіп жатқан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2020 жылдың қорытындысы бойынша алқа отырысында Агенттіктің төрағасы Алик Шпекбаев айтты.

Былтырғы жыл адамзат тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Әлемдегі мемлекеттік аппарат азаматтарының сенімінен жаппай айырылып, бұрын-соңды болмаған даңдарысқа тап болды. Өкінішке қарай, оның салдары бізге де тиді. Пандемия кезінде халық билікке үміт артып, қамқорлық пен көмек күтіп отырғанда кейбір арсыз шенеуніктер мен топ менеджерлер заңнан да, Құдайдан да қорықпай өз қалтасын толтыру үшін жүйелі түрде пара алып, бюджет қаржысын жымқырды, - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар Шпекбаевтың ойынша, өз халқының қайғы-қасіреті арқылы баю сатқындықпен тең.
Пандемиямен байланысты 100 қылмыстық іс тіркелді. Оның жартысына жуығы дағдарысқа қарсы бөлінген қаражатты жымқыру. Президент тапсырмасына сәйкес барлық өңірде волонтерлер мен қоғам белсенділерінің арнайы топтары 1 500 мониторинг жұмысын жасап, 10 мың дәріхана, медициналық мекемелер мен қоймаларды қамтыды. Гуманитарлық көмек жеткізді, - дейді ол алқа отырысында.

Одан бөлек, «СҚ-Фармация» мен Медициналық сақтандыру қорының қызметіндегі жемқорлық тәуекелдеріне терең талдау жасалып, олардың ішкі бизнес процестерінің барынша ашылуына ықпал етті.

Пандемия әлі де жалғасып жатыр. Сондықтан мақсатымыз – коронавируспен күреске бөлінген бюджет қаражатын одан әрі қадағалау. Сондай-ақ, қоғамдық бақылауға азаматтарды көбірек жұмылдыру, - деді Агенттік төрағасы.

Өзгелердің жаңалығы