ШҚО әкімі балабақшаларды тексеретін арнайы комиссия құруды тапсырды

3 Маусым 2019, 19:34
1905
Бөлісу:
ШҚО әкімі балабақшаларды тексеретін арнайы комиссия құруды тапсырды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Семей қаласының тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдаған өңір басшысы Даниал Ахметов қала басшылығына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қамсыздандыру, сондай-ақ білім саласына қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

Бұл жолы облыс әкімінің қабылдауына жеке мәселелері бойынша 30 қала тұрғыны келді. Облыс әкімі тұрғындардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қамсыздандыру және білім саласының келелі жақтарын қамтыған сауалдарының назарда ұсталатынын ескертті.

Бүгінде жекеменшікке өтіп кеткен бірқатар балабақшаларды қайтадан мемлекет теңгеріміне қайтару бағытында мыңнан астам адамның қолы жиналғанын алға тартқан қала тұрғыны мәселені шешуде өңір басшысынын көмек сұрады.

«Мың адамның қолы жиналған құжатты маңызы жоқ деп елемей қоюға болмайды. Сондықтан балабақшаларды тексеретін арнайы комиссия құруды тапсырамын. Егер мектепке дейінгі мекемеге сенімгерлік басқаруды алып, бірақ өз міндеттерін орындамай отырған компаниялар болса біз олармен келісім-шартты бұзатын боламыз», - деді Даниал Ахметов.

Сондай-ақ Бесқарағай ауданының Бөдене ауылынан келген зейнеткер елді мекенде интернет пен теміржол өткелінің жоқтығын айтты. Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына ауылға қажетті автономды ғаламтор желісін тартуды тапсырған облыс әкімі алдағы уақытта бұл мақсатқа қажетті қаражаттың бөлінетінін уәде етті.

«Теміржол өткелі мәселесіне қатысты «Қазақстан темір жолы» компаниясымен келіссөздер жүргізетін боламыз. Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына аталмыш мәселені қарастырып, ұсыныс енгізуді тапсырамын», - деді облыс әкімі.

Бұдан бөлек, бұл жолғы қабылдауда қала тұрғындары тұрғын үй, жол жөндеу, зейнеткерлерге көрсетілетін бір реттік әлеуметтік көмек, сондай-ақ халықтың ядролық сынақ салдарынан зардап шеккен санаттарына көрсетілетін медициналық-әлеуметтік қорғау мәселелерін де қозғады.

Өзгелердің жаңалығы