Шетелге қашпақ болған «жемқор әкім» ұсталды

18 Наурыз 2022, 09:30
4719
Бөлісу:
Шетелге қашпақ болған «жемқор әкім» ұсталды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Халықтың игілігіне деп бөлінген қаражатты талан-таражға салған. Онымен қоймай №19 аурухананы жөндемей орнына зәулім үй тұрғызып алған әкім Ақтау арқылы шетелге қашпақ болды. Бірақ оның бұл ойы іске аспады. Актер Қайрат Әділгерей ойнайтын комедиялық киноның желісі осындай.

Кеше Алматыда «Хотя бы в кино» комедиясының арнайы көрсетілімі өтті. Фильм комедия жанрында түсірілгенімен негізінен елдегі өзекті тақырыптарды арқау еткен. Оның ішінде жемқорлық, мемлекеттік қызметкерлердің халық алдында әдемі сөйлеп, уәдені үйіп-төгуі, сатқындық сияқты мәселелер көрініс табады.

Шетелге қашпақ болған «жемқор әкім» ұсталды

Фильмнің басты рөлдерін Қайрат Әділгерей, Дәурен Серғазин, Айбар Таңғыт, Гүлназ Жоланова және Қанат Әлжапбаров сынды танымал актерлер сомдаған.

Жемқор әкімнің рөлін ойнаған Қайрат Әділгерей бұл фильм көпшілікке ой салып, елдегі жемқорлықтың алдын алуға азда болса септігін тигізеді деп санайды.

Бұл фильмді көрген адамдар саяси комедия деген тұжырыммен шығатын шығар. Өйткені мұнда махаббат, достық, құдалық, той деген нәрсе жоқ. Мұнда жемқор әкімнің басына іс түскенде сол оқиғадан қалай сытылып шығуы туралы оқиға. Кинода әкім болу оңай ғой, дегенмен өмірдегідей шынайы жеткізуге тырыстым, – дейді актер.

Шетелге қашпақ болған «жемқор әкім» ұсталды

Түсірілім жұмыстары Алматы қаласынан бөлек Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласында да жүргізілген. Яғни Каспий теңізі, Жаңаөзен қаласы маңындағы құмды жерлер мен  Бозжыра шатқалы сынды еліміздің көрікті жерлерін көрсете білген.

Бұл фильм арқылы кино индустрияны дамытып қана қоймай, елдің туризміне де ден қойылды. Өйткені Бозжыра шатқалын алғаш рет әнші Батырхан Шүкенов ағамыз өзінің бейнебаянында көрсетті. Одан кейін бұл шатқалды ешкім кино, бейнебаянында көрсетпеді. Сондықтан біз кино арқылы туризм саласының дамуына үлесімізді қосқымыз келді, – дейді Қайрат Әділгерей.

Фильмнің қоюшы режиссері Тимур Дулатов жемқор әкімді неліктен арқау етіп алғандары туралы айтып берді.

Шетелге қашпақ болған «жемқор әкім» ұсталды

Қазіргі қоғамда жемқор адамдар не істеп жатқандарын, елді қай бағытқа алып бара жатқандарын жете түсінбейді. Олар халықтың игілігіне деп бөлінген қаражатты жеуде еттері үйреніп кеткен. Осы фильм арқылы тым болмағанда бір жемқордың ойы өзгерсе дейміз. Олар да киноға келеді, мүмкін жүректеріндегі мұз жібитін шығар, – дейді режиссер. 

Шетелге қашпақ болған «жемқор әкім» ұсталды
Шетелге қашпақ болған «жемқор әкім» ұсталды

Фильм 24 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі.
 

Өзгелердің жаңалығы