Шетелдегі қазақтар кездесуі Алтай республикасына жетті

12 Шілде 2023, 20:13
825
Бөлісу:
Шетелдегі қазақтар кездесуі Алтай республикасына жетті
Фото: «Отандастар қорының» баспасөз қызметі

Моңғолияның Ұлан-Батыр, Налайх, Ховда, Баян-Өлгей аймақтарында жалғасқан қазақтар кездесуі Алтай Республикасы Қос-Ағаш ауданына жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Орыс, алтай, қазақ халықтарының татулықты ту еткен мекенінде құрамында «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы және Парламент депутаттары Ғалиасқар Сарыбаев пен Болат Керімбек пен бәртоп зиялы қауым өкілдері бар ресми делегацияны Қос-Ағаш ауданының әкімі Серікжан Мұратханұлы мен аудан мәслихаты төрағасы Санаш Дидунов шекара шебінен қарсы алып, Алтай қазақтарының мұрасы сақталған Жаңа ауыл елдімекеніне алып барды. Делегация мүшелері өңірдің тұрмыс-тіршілігімен танысып, осындағы ұлттық құндылықтар дәріптелген мұражайды аралады.

Алтай Республикасында аумағы жағынан ең үлкен және үш бірдей елмен шекаралас жатқан (Моңғолия, Қазақстан, Қытай) Қосағаш ауданының халқы қазақы дәстүрі мен салтын жақсы сақтаған. Атап өтерлігі Ресейдегі қазақ тілінде 1-5 сыныптарға арналған оқулық өткен жылы осы жерде ұстаздардың ұзақ жылғы еңбегімен өткен жылы осы ауданда қолданысқа енді.

Халықпен кездесу, тұрғындармен тілдесу аудан орталығында орналасқан саябақта ресми делегациямен қатар жүрген Қарағандылық «Тәттімбет» атындағы академиялық ұлттық аспаптар оркестрдің салтанатты концертімен жалғасты. Атап өтерлігі бұл шаралар Ресей халқының Отбасы күнімен орайлас келді.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет осы деңгейде қазақша концерт тыңдаған Қос-Ағаштықтар ерекше қуанышқа бөленіп, көздеріне жас алды. Атамекеннен алыста жатқан Алтай қазақтарының көңілі марқайып, рухы асқақтап, Қазақстанға дұғай сәлемдерін жеткізді.

Шара соңында аймақ халқының бірлігі, қазақ тілін сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген Қос-Ағаштағы қазақ мәдени орталығының басшысы Арқалық Сұлтанов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төс белгілі Алғыс хатымен  марапатталды. Сонымен қатар аудан әкімі Серікжан Мұратханұлы мен аудан мәжіліс төрағасы Санаш Дидуновқа «Отандастар қоры» алғыс хаты және «Алғыс» естелік медалі табыс етілді. Басқосу аяқталып, делегация құрамы елге қайтар тұста «Қазақстан кетіп бара жатыр» - деп құшақтап, қимастықтың көз жасына ерік берген тұрғындар, ұзақ уақыт көз алмай жолға шыққан көлікке қарап тұрды, - деп хабарлайды «Отандастар қоры».

Өзгелердің жаңалығы