Бүгін Кассациялық сот Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сотталған екі азамат – Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахметтің шағымдарын қарады.
Сот мәліметтеріне сүйенсек, Азамат Тоқтаубаев өзінің ешкімді ұрмағанын және пышақ қолданбағанын алға тартқан. Сондай-ақ ол телефон ұрлау фактісін де жоққа шығарды. Ал Дидар Қалиахмет өз кезегінде ешқандай зиян келтірмегенін және төбелеске қатыспағанын мәлімдеген.
Кассациялық сот іс материалдарын зерттей отырып, бұл уәждерді қабылдамай, екеуінің де басқа тұлғалармен бірлесіп әрекет еткенін, шабуыл жасаған топтың құрамында болғанын және төбелес кезінде белсенді әрекет еткенін көрсеткен. Нәтижесінде сот актілері өзгеріссіз қалдырылды, - делінген хабарламада.
Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанда түнде Талғарда жасөспірім қаза тапқан болатын. Белгілі болғандай, 16 жастағы Шерзат Болат сатып алушымен арада шиеленіс туындаған кезде әкесінің дүкенінде оған көмектесіп жатқан.
2025 жылғы 5 маусым күні Шерзат Болат ісі бойынша 9 сотталушыға үкім шықты. Жасөспірімнің өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Жасөспірім өлімі туралы істі ішкі істер министрі Ержан Сәденов жеке бақылауына алды.
Бұған дейін Талғарда Шерзат Болат пен оның ағасына арналған жылдық ас берілгенін жаздық.
Сондай-ақ, Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сотталған екі азамат үкіммен келіспей, толық ақтауды сұраған еді.