Шекаралас аймақтар радиохабар таратумен толық қамтылады - министр

25 Қаңтар 2023, 17:13
833
Бөлісу:
Шекаралас аймақтар радиохабар таратумен толық қамтылады - министр
Фото: Арман Мухатов

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өңірлік БАҚ форумында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Айтуынша, елдегі ақпараттық қауіпсіздікке мән беріледі. 

Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де назарда болуы керек. Сондықтан елдің шекаралас аудандарында отандық радиохабарлармен қамтуды кеңейту жұмысы күшейтіледі. Шекаралас аймақтарды радиохабар таратумен толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр, - деді ведомство басшысы. 

Сонымен қатар өңірдегі басылымдар қандай қолдауға ие болатынына тоқталды.  

Өңірлік БАҚ-ты қолдау үшін оларда жарық көрген мазмұнды мақалаларды республикалық басылымдарда жариялау тәжірибесін жалғастырған жөн. Мысалы, «Егемен Қазақстан» газеті мұндай үрдіс 2017-2018 жылдары жүзеге асырылған еді. Бұл арқылы ұлттық журналистикадағы шығармашылық байланыстар нығайып, өңірлік мәселелерге тұтас еліміздің назарын аудара аламыз. Шалғай аймақтардағы басылымдарда шыңдалып шыққан жас журналистерді үлкен басылымдарға жұмысқа тарту мәселесін де назарда ұстау керек. Буын алмасуы, дәстүр сабақтастығы сәтімен жалғасуға тиіс, - дейді Дархан Қыдырәлі. 

Министр сапалы журналистиканың қаймағы ретінде дәстүрлі БАҚ-тың салмағы басым деп отыр. 

Соңғы жылдары дәйекті, дәлелді ақпаратқа сұраныс артты. Пандемия кезінде желідегі жалған ақпарат пен конспирологиядан көз сүрінді. Тұрақсыз кезеңде адамдар жалған мен шынның аражігін ажырату үшін сенімді дереккөзге жүгінді. Оны газеттер мен кейбір мемлекеттік телеарналардың жоғары рейтингінен байқадық. Жалпы сапалы журналистика ұсынатын басылым ретінде дәстүрлі БАҚ-тың құндылығы арта берері анық. Газеттер соңғы оқырманы қалғанша шыға береді. Бірақ баршамыз оның сапалы шығуына қызмет етуіміз керек, - дейді ол. 

Өзгелердің жаңалығы