Шәмшә Көпбайқызы ауыл мектептерін дамытуға ерекше көңіл бөлді – министр

8 Сәуір 2022, 09:00
2114
Бөлісу:
Шәмшә Көпбайқызы ауыл мектептерін дамытуға ерекше көңіл бөлді – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Шәмшә Көпбайқызының отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

Беркімбаева Шәмшә Көпбайқызының өмірден озғаны туралы суыт хабар жетіп, көңілді құлазытты.

Шәмшә Көпбайқызы еңбек жолын ауыл мұғалімі болып бастаған. Ол әр жылдары мектеп директоры, Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы, Білім министрінің орынбасары, Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінің бірінші хатшысы, Алматы облысы Білім басқармасының басшысы қызметтерін атқарды, сонымен қатар Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, Білім және ғылым министрі болды.

Ұзақ жылдар бойы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры болды. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, академик Шәмшә Көпбайқызы еліміздегі білім мен ғылым саласының дамуына үлкен үлес қосты.

Шәмшә Көпбайқызы ауыл мектептерін дамытуға және дарынды балаларды қолдауға жағдай жасауға ерекше көңіл бөлді.

Жұмыс кездесулері кезінде Шәмшә Көпбайқызы үнемі өз тәжірибесімен және кеңестерімен бөлісіп, білім саласындағы жаңалықтарды қадағалады.

Отандық білім мен ғылым саласының көрнекті тұлғасының өмірден озуы – орны толмас өкініш. Шәмшә Көпбайқызының отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.

Өзгелердің жаңалығы