Шамалғандағы апат: Жаңа көпір өткелі салынады

16 Қыркүйек 2019, 15:47
2907
Бөлісу:
Шамалғандағы апат: Жаңа көпір өткелі салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр осындай жаңалығымен бөлісті.

"Шамалған өткелінен тәулік сайын 65 пойыз өтеді. Дәл бұл жерге жаңа өткел салуға келмейді. Біз көпір өткелін жобалауды және салуды келесі жылға жоспарлап отырмыз. Бірақ дәл осы жерде емес, біраз қашықтықтағы жерде саламыз. Сонда азырақ үй сүріледі", - деді Роман Скляр ОКҚ брифингі барысында.

Ал Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев теміржол өткеліндегі апаттың көбіне көлік жүргізушілері кінәлі екенін айтты.

Бұған дейін Роман Скляр жарақат алғандардың кім екенін атап өткен еді. Сондай-ақ, теміржол өткелі талапқа сай толық жабдықталғанын хабарлаған болатын. 2018 жылдан бері теміржол өткеліндегі апаттан 3 адам қаза тапқанын да айтты. Ал Ерлан Тұрғымбаев 20 адамның 16-сы автобустан шығып үлгергенін және жол қараушысы тергеуге алынғанын жеткізді.

Атап өтсек, кеше Алматы облысы Шамалған станциясында «Алматы-Қостанай» бағытындағы жолаушылар пойызы мен «Алматы - Шамалған» бағытындағы автобус соқтығысты. Апат түсірілген видео да жарияланды. Бейнежазбадан шлагбаум алдында көліктер ұзын-сонар кезекте тұрғанын көруге болады. Осы сәтте жолаушылар пойызы келіп автобусты қағады. 

ҚТЖ басшысының кеңесшісі Руслан Иманқұловтың мәліметіне сәйкес, автобус жүргізушісі сигналды елеместен пойыз жүретін жолға шығып кеткен. 

Жол көлік оқиғасынан 1 адам мерт болып, 9 адам жарақаттанған. Қаза болған - автобус жүргізушісі.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қайтыс болған автобус жүргізушісінің туыстарына көңіл айтты.

Ал Ішкі істер министрлігі 3 жолаушының аудандық ауруханаға жатқызылғанын хабарлады.

Одан кейін қайтыс болған жігіт 1979 жылғы екені белгілі болды. 2014 және 2016 жылғы балалар мен 33 жастағы әйелдің Қарасай аудандық емханасының жансақтау бөлімінде ауыр халде жатқаны да анықталды.

Кейін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жолаушылар пойызының машинисі жедел тежегішті іске қосқанымен, арақашықтықтың аздығынан қақтығыстың алдын ала алмағынын мәлімдеді.

Өзгелердің жаңалығы