Шахтадағы апат. Бесінші кеншіні іздестіру қалай жүріп жатыр

19 Тамыз 2023, 22:02
837
Бөлісу:
Шахтадағы апат. Бесінші кеншіні іздестіру қалай жүріп жатыр
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

«Қазақстан» шахтасында жергілікті өрт ошақтарын сөндіру тоқтатылып, бесінші кеншіні іздестіру жұмыстары күшейтілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәлім етілгендей, Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов «Қазақстан» шахтасында іздестіру-құтқару жұмыстарының барысын тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Сағат 18:14-те із-түзсіз болған төртінші адам табылды. Ол тау-кен құтқару взводы командирінің орынбасары Самат Шошимов басшылық ететін екі бөлімшенің күшімен табылды.«Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» республикалық орталық штабының бөлімшелері 5-ші кеншінің болжамды орналасуы бағытында Д-6 конвейерлік беткейінде жоғарыдан төмен қарай іздестіруді жалғастырып жатыр.Іздестіру жұмыстары апатты учаскенің толық түнім басуымен, жоғары температурамен (65 градус) және үйінділер түріндегі кедергілермен қиындауда. Жоғарыдан төмен қарай 170 метр жүріп өтілді.Жергілікті өрт ошақтарын сөндіру жұмыстары тоқтатылды, барлық күш-жігер іздестіруге бағытталған, - делінген ТЖМ хабарламасында.

Еске сала кетейік, 17 тамызда "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнының "Қазақстан" шахтасында конвейер таспасы өртенді. Шахтада 227 адам болған, 222 адам эвакуацияланды. Сегіз адам зардап шекті. Төтенше жағдай кезінде 5 жұмысшы жоғалып кеткен болатын. Кеше кешкісін бір адамның денесі табылып, кім екені анықталған болатын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан" шахтасында болған апаттың себептеріне жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.

Сонымен қатар «Қазақстан» шахтасындағы өртке байланысты Шахтинск қаласының Полиция бөлімі ҚК 277-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сондай-ақ депутаттар Арселор Миттал басшылығын жауапқа тартуды талап еткен болатын.

Қазіргі уақытта қалған 1 адамды іздестіру жалғасып жатыр. Сонымен қатар дәрігерлер ауруханаға түскен шахтерлердің жағдайы туралы айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы