Шахаров Мұғалжар ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен үш елді мекенге барды

26 Сәуір 2024, 21:26
393
Бөлісу:
Шахаров Мұғалжар ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен үш елді мекенге барды
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Ақтөбе облысында су тасқынынанзардап шеккен елді мекендерді қалпына келтіру бойынша жоспарлы жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыс әкімі Асхат Шахаров Мұғалжар ауданының Жағабұлақ және Бірлік ауылдарына, Ембі қаласына жұмыс сапарымен барып, табиғи апаттан жапа шеккен тұрғындармен кездесті. Өңір басшысы әр ауылда жиналған жергілікті халыққа Президент тапсырмасына сәйкес беріліп жатқан көмек түрлерін, су тасқынына қарсы жасалып жатқан жобалар мен шараларды айтып берді.

Апат айтып келмейді» деген қазақта сөз бар. Қиын күндер басымыздан өтті. Сын сағатта сабырлық сақтап, бірліктеріңізді көрсеттіңіздер. Осы көктемгі су тасқыны кезеңінің өтуі мен оның салдарын жою – Мемлекет басшысының қатаң қадағалауында. Өңір бойынша алты аудан мен Ақтөбеде төтенше жағдай жарияланды. Қазіргі таңда барлық қиын жағдайға түскен ақтөбеліктерге әлеуметтік төлем беріліп жатыр. Су шайған үйлер, тұрмыстық техникалардың зақымдалуына тиісті бағасын беретін, өлген малдың шығынын есептейтін комиссия жұмысы жалғасуда. Мемлекет бірде-бір адамын көмексіз қалдырмайды. Баспаналарды салатын компанияларды анықтадық. Жақын күндері құрылысты бастайды. Жоспар бойынша 1 тамызға дейін немесе одан ерте тұрғын үйлерді пайдалануға береміз. Біз үшін сапа маңызды,  - деп атап өтті облыс басшысы.

Асхат Шахаров Жағабұлақ пен Бірлікауылдарында зақым келген үйлерді аралады.

Қызылорда қаласынан екі ай бұрын көшіп келдім. Үйімді су басып, дүние-мүлкім жарамсыз болып қалды. Комиссия келді, бағалаушылар тексеріп шықты, әрі қарай бұл үйде тұруға болмайтынын айтып, үйлі болудың бірнеше жолын айтты. Қандыағашқа көшеміз деп отбасымызбен шешім қабылдап, комиссияға өтініш бердік. Күтіп отырмыз, - деді Бірлік ауылының тұрғыны Ақшагүл Әбдіраманова өңір басшысына.

Жалпы, Мұғалжар ауданында су тасқыны 72 тұрғын үйге, 8 шаруа қожалығына, 3 коммерциялық нысанға зақым келтірді. Қазіргі таңда отбасыларды баспанамен қамту мақсатында Жағабұлақ ауылында жаңа14 үй және Бірлік ауылында 5 үй салынатын болады. Ал қалған тұрғындар мемлекет тарапынан берілетін қаражатқа ауылдан және аудан орталығынан өздері тұратын үйлерін қарастыруда. Су тасқынынан зардап шеккен 72 үйдің иелеріне біржолғы төлемақы төленді.

Сондай-ақ, бүгінгі күнге аудан бойынша бес жеке адамның 7 бас ірі қара малына және бір шаруа қожалықтың 10 бас малына, барлығы 6 млн 300 мың төленген.

Тұрғындар кездесу барысында өңір басшысына сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Оларды салынатын үйлердің жобалары, оларды тұрмыстық техникалармен қамту, жарамсыз қалған баспаналардың орнын тазарту, бөгеттер салу, су бұзған көпір мен жолды жөндеу және тағы да басқа мәселелер мазалайды. Сонымен қоса, Бірлік ауылының тұрғындары жаңа мектеп пен балабақша сұраса, Ембідегі жұрт арықтар мен қатты тұрмыстық қалдықтар төгілетін полигон мәселесін жуық арада шешіп беруді өтінді.

Облыс әкімі құрылыс басқармасына Бірлік ауылында жаңа мектеп-балабақшасалуға қатысты жоба әзірлеу қажеттігін алға тартты. Бұл ауылдағы көпірдің мәселесі де шешімін тапқан. 1,5 млрд теңгені құрайтын жоба әзірленуде.

Ембідегі полигонның жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, мемлекеттік сараптамада, ал қала ішіндегі арықтар кеңейтіледі.

Су тасқыны кезінде пайдалануға жарамсыз болып қалған қаладағы Жем арқылы өтетін көпірде қазіргі уақытта көлік қатынасы тоқтаған. «ҚазАвтоЖол» филиалының басшысы Айбол Данағұлдың сөзінше, 47 жыл бұрын пайдалануға берілген көпір қайта қалпына келтірілмейді. «ҚазжолҒЗИ» мекемесі мамандарының бұған қатысты шешімі де бар екен. Көпірдің жанынан жаңасы салынады. Асхат Шахаров жауапты басшыларға жолаушылар үшін айналма жол салу жұмыстарын тез арада бастауды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы