Шағын ауылдардың мәселелері шешілуі тиіс – сенатор

27 Шілде 2021, 10:11
1611
Бөлісу:
Шағын ауылдардың мәселелері шешілуі тиіс – сенатор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенатор Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысына сапары аясында өңірді ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге маманданған Қызылқоға ауданында болды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Сенатормен кездесуде Мұқыр ауылының тұрғындары мәдениет үйі мен спорт кешенінің құрылысына қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Бұл құрылыстардың бірі басталмай, екіншісі аяқталмай тұр. Мұқыр-Құлсары автомобиль жолының жағдайы да тұрғындарды алаңдататып отыр. Сенатор бұл мәселе туралы хабардар екенін және бұдан бұрын ол туралы еліміздің Премьер-министрінің атына депутаттық сауал жолдағанын айтты.

Менің депутаттық сауалыма Мұқыр-Құлсары автомобиль жолы Мақат-Қандығаш жолының құрылысынан үнемделген қаражат есебінен салынады деген жауап келді. Бұл жолдың құрылысы 2025 жылға дейінгі автомобиль жолдарының кешенді жоспарында жеке тармақпен белгіленген, - деді Ғұмар Дүйсембаев.

Сенатор сондай-ақ шағын ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесті және шағын елді мекендердің проблемаларымен танысты.

Осы сапар барысында мен Кенбай, Қоңыраулы, Тасқұдық, Соркөл, Сарықұмақ және Былқылдақты ауылдарына баруды жоспарлаған едім. Шағын ауылдардың проблемаларымен танысып, олардың күрделі мәселелерін шешуге көмектесу маңызды деп санаймын. Бұрын фермерлік орталықтар болған Қызылқоға ауданының осы алты ауылына газ құбырын тарту жұмыстарын бастау үшін жақында 300 миллион теңге бөлінді. Қазіргі уақытта тендер жарияланып, алғашқы жобалық жұмыстар басталады, - деді сенатор Ғұмар Дүйсембаев.

Сенатор сондай-ақ, электр қуатын өшірудегі проблемаларды «Атырау-Жарық» басшылығымен пысықтау қажеттігін, ал газ құбырын тарту жұмыстары аяқталғанға дейін ауыл тұрғындарын көмірмен уақытында қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.

Тасқұдық ауылының тұрғындары таза сумен қамтамасыз ету мәселесін айты. Өйткені ауыз суы бар құдық жеке шаруа қожалығының жерінде қалған екен. Сенатор бұл мәселеге назар аударып, әкімдік өкілдерінен мәселені шешу қажеттігін атап өтті. Олардың айтуынша, ауыз су мәселесі жақын арада шешілетін болады.

Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысындағы шағын ауылдарының өткір мәселелері үнемі оның назарында екенін және оларды шешу жөніндегі жұмыстарды жалғастыратынын атап өтті.

 

 


Өзгелердің жаңалығы