Қазақстандықтарда сенім жоқ кезде жер сату мәселесін шешу мүмкін емес – Айдос Сарым

24 Сәуір 2021, 13:48
4545
Бөлісу:
Қазақстандықтарда сенім жоқ кезде жер сату мәселесін шешу мүмкін емес – Айдос Сарым

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламентінің депутаты Айдос Сарым Жер реформасы жөніндегі комиссияның 5-ші отырысында жер төңірегінде мәселе көп екенін айтты.

Оның айтуынша, жерге алдымен мемлекеттік бақылау керек. Оған ғарыштан немесе жерден болсын тиісті құрылымдарды құрып, мұқият бақылау жасалу дұрыс. Жердің иесі мемлекет десек, оған мемлекеттің өзі араласу қажет.

Сондай-ақ ол Жер кодексіне көптеген өзгеріс енгізу қажеттігі туындап отырғанын айтты.

Бұл заңның ішінде ұйықтап жатқан және жұмыс істемей жатқан нормалар бар, оған қоса кейбір мәселеде әділеттің жоқтығына көзіміз жетті. Осында отырған азаматтардың барлығы оны түзеу керек, тиісті заң құжаттарын әзірлеу керек дегенге келісіп отыр, - деді ол.

Сонымен қатар ол жер комиссиясының алғашқы бес жылын босқа жоғалтып алдық деген ойын айтты.

Осы айтылып жатқан мәселенің барлығын бүгінге дейін түгендеп, 5 жылдың ішінде талай дүниені өзгертіп, жасауға болушы еді. Бұл бәрімізге сабақ болсын. Осы бес жылдың өзі бізге нені көрсетті? Саясат, экономика, инвестиция, намыс дегеннен бұрын сенім мәселесі маңызды екеніне көзіміз жетті. Ешкім бір-біріне сенбейді. Оның себебі 1990 жылдардағы жекешелендіру бар, басқасы бар дегендей. Одан бері талай опық жеген халық бар, сондықтан сенбейді. Бүгінгі жеке меншікке беру туралы нәрсені талқылағанда қазақстандықтарда сенім жоқ кезде оны шешу мүмкін емес, - деді депутат.

Сондай-ақ ол жер мәселесін елде болып жатқан басқа да саяси реформадан бөлмеу керек деп санайды. Қазір қолға алынып жатқан үлкен реформалардың көпшілігі іске асатын болса, жер мәселесіне деген көзқарас алдағы 5-10 жылда өзгеруі мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы