Сенатта БАҚ пен әлеуметтік желілердің мемлекеттік идеологияны қалыптастыру рөлі талқыланды

19 Сәуір 2023, 19:16
728
Бөлісу:
Сенатта БАҚ пен әлеуметтік желілердің мемлекеттік идеологияны қалыптастыру рөлі талқыланды
Фото: Парламент Сенатының баспасөз қызметі

Бүгін Сенатта «Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің мемлекеттік идеологияны қалыптастырудағы орны» тақырыбымен дөңгелек үстел болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оған Сенат депутаттары, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, сондай-ақ бірқатар министрліктер мен облыс әкімдіктерінің өкілдері, республикалық БАҚ басшылары, медиа сарапшылар қатысты.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп өз сөзінде еліміздегі ақпараттық идеологияны күшейту жөніндегі жаңа ұсыныстарды қараудың маңыздылығын атап өтті.

Өздеріңізге белгілі аласапыран, геосаяси шиеленіскен қазіргі уақытта иделогиялық шебімізді нығайту маңызды болып отыр. Әсіресе шекаралық өңірлердегі азаматтарымыз сыртқы ақпараттық кеңістіктің ықпалына түсіп қалып жатқан жағдайлар да аз емес. Өзекті мәселені ашық қалдыруға болмайды. Осы дөңгелек үстелді ұйымдастыру жұмыстары аясында біз «Еларна» телеарнасында, «Қазақ газеттері» ЖШС-де болдық. Ондағы жағдайды көзімізбен көріп қайттық. Мән беруді талап ететін бірқатар мәселелер бар, - деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өз сөзінде жақында қабылданған Ақпараттық доктринадағы жаңалықтар мен еліміздің ақпараттық идеологиясын дамыту саласында атқарылған жұмыстар туралы сенаторларға айтып берді.

Депутаттар кездесуді қорытындылай келіп, дөңгелек үстел отырысының қорытындысы бойынша Үкіметке жіберілетін ұсынымдар әзірленетінін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы