Сенатта әйелдер құқықтары мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қос заң мақұлданды

11 Сәуір 2024, 13:32
687
Бөлісу:
Сенатта әйелдер құқықтары мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қос заң мақұлданды
Фото: скрин

Бұл заңдар Президентіміздің тапсырмаларын орындау үшін арнайы әзірленген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мақұлданған заңдар әйелдер мен балалардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету және елімізде отбасы институтын нығайту үшін қосымша құқықтық тетіктер енгізіп отыр. Осыған орай, мемлекеттік отбасы саясатын қалыптастыруға жауапты уәкілетті органның мәртебесі, отбасын қолдау орталықтары және 111 байланыс орталығы сияқты ұйымдардың құзыреттері заң деңгейінде белгіленеді, - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Заңдар аясында өмірде қиын жағдайға ұшаған отбасыларды қолдауға арналған ережелер де көзделген. Сонымен қатар, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама қайта қаралып, күшейтілді.

Енді денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені, ұрып-соққаны және суицидті насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленеді. Өз кезегінде сот қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жүріс-тұрысына ерекше талаптар белгілей алатын болады. Бұған қоса, буллинг, кибербулинг, балаларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіріп кету әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылады, - деді Сенат төрағасы.

Айта кетейік, бұл заңдар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы».

Өзгелердің жаңалығы