Сенаторларға бюджеттің атқарылуы туралы есептер таныстырылды

22 Мамыр 2024, 21:30
288
Бөлісу:
Сенаторларға бюджеттің атқарылуы туралы есептер таныстырылды
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенаторларға 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептер таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сенатта 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептері таныстырылды. Қаржы министрінің орынбасары Дәурен Темірбеков пен Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов Сенат депутаттарының алдында баяндама жасады.

Қаржы министрі орынбасарының айтуынша, еліміздің экономикалық дамуын көрсететін негізгі көрсеткіштердің бірі –ішкі жалпы өнімнің өсуі болып табылады, ол 2023 жылы 5,1% құрады. Бұл өсім өңдеу өнеркәсібіндегі, құрылыс саласындағы, саудадағы өндірістің ұлғаюына, сондай-ақ көлік саласындағы қызмет көлемінің өсуіне байланысты болып отыр.

Дәурен Темірбеков сонымен қатар ынтымақты зейнетақы мөлшері 10,5%-ға индекстелгенін, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың, оның ішінде мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақылардың мөлшері ұлғайтылғанын атап өтті. Бюджет шығысындағы зейнетақы төлеміне арналған қаржының жалпы сомасы 3 млрд 313 млн теңгеден асты және 2,3 миллион зейнеткердің лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етіп отыр.

Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов өз кезегінде геосаяси дүрбелеңдер пен сыртқы қауіп-қатерлерге қарамастан еліміздің экономикасы өсе түскенін атап өтті. Экономиканың көптеген салаларында оң нәтижеге қол жетті. Ал ауыл шаруашылығында табиғи және ішінара климаттық апаттарға байланысты 7,7% төмендеу байқалып отыр.

Палата мүшесінің айтуынша, өткен жылдағы басты мәселенің бірі – жұмыспен қамту болды. Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындардың үлесі 22,2% құрады. Олардың 60%-дан астамы жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамтылмаған. Ашылған жұмыс орындарының көпшілігі уақытша болғандықтан әлеуметтік қорғау аясынан жеке азаматтардың тыс қалуы ұлғая түсті. Осыған байланысты, Жоғары аудиторлық палата Үкіметке тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және тұрақты жұмыс орындарының санын ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы