Сенаторлар жатақхана құрылысымен танысты

31 Шілде 2019, 15:46
1522
Бөлісу:
Сенаторлар жатақхана құрылысымен танысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Манап Көбенов пен Нұржан Нұрсипатов жұмыс сапары барысында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде болып, 600 орынға шақталған жаңа жатақхананың құрылыс барысымен танысты, деп хабарлады оқу орнының баспасөз қызметі.

Жаңа нысан университет студенттерінің жатын орын қажеттіліктерін азайтады.Жобаға сәйкес 600 орындық жатақхана 2020 жылдың наурызында қолданысқа беріледі. Нысанның осындай қысқа мерзімдегі құрылысы ПМУ, жоба инвесторы мен мердігер ұйым арасындағы үшжақты консорциумдық келісім негізінде жүзеге асырылуда. Жоба қүны 1 млрд 300 млн теңге. 

ПМУ инженерлік-техникалық бөлімнің жетекшісі Бауыржан Катаевтың айтуынша, жоғары оқу орны жаңа үшжақты схема бойынша тұрғын ғимаратын салып жатқан еліміздегі алғашқы университет болмақ. Бұл тұрғыда ПМУ-дің келісім формасы өзге оқу орындар үшін үлгіге айналады.

"Айта кетерлігі, осы тектес тұрғын корпустарын салу тәжірибесі көрсеткендей, 1,5-2 жылдық мерзімді қарастырады. Ал жаңа серіктестік формасы нысанды бір жылдан соң қолданысқа беруге мүмкіндік береді. Үшжақты келісім өз кезегінде инвесторға нысанды қысқа мерзімде қолданысқа беруге ынталандырады. Сонда оның үлестік қатысуы 80 процентті құрайды, ал университеттің үлесі – 20%. Осылайша, инвестор мердігерлерді де ынталандырады. Нәтижесінде инвестор құйған қаржысының 80% алады, сол үшін құрылысты сапалы әрі тез жүргізеді", - делінген таратылған ақпаратта. 

Бүгінде жатақхананың төменгі қабаты мен іргетасы дайын. Нысанды салу барысында отандық құрылыс материалдары қолданылып, жергілікті мамандар тартылды. Оған С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттік құрылыс отрядары да атсалысады. 

Өзгелердің жаңалығы