Сенаторлар Шымкент қаласының қоғамдық қауіпсіздік деңгейімен танысты

6 Тамыз 2021, 09:47
2120
Бөлісу:
Сенаторлар Шымкент қаласының қоғамдық қауіпсіздік деңгейімен танысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат депутаттары Айгүл Қапбарова мен Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласына сапары барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесті.

Депутаттар қалалық ІІБ-де болған кезде мегаполис тұрғындарының құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайымен танысты.

Полицейлер сенаторларға бейне бақылау орталығы мен полицияның заманауи мобильді бөлімшелерінің жұмысын көрсетті. Олар қалада қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 70 бейнебақылау құрылғысы орнатылғанын және халық тығыз орналасқан аудандарда 100 мобильді полиция учаскесін салу мәселесі шешілгенін айтты.

Кездесу барысында қауіпсіздік қызметкерлерінің еңбек жағдайын заңнамалық қамтамасыз ету мәселелері де көтерілді. Атап айтқанда, құқық қолданудың үш деңгейлі жүйесін енгізу және халыққа «қадамдық қолжетімділік» қағидатына негізделген полиция қызметінің үлгісін заңнамалық бекіту талқыланды.

Пандемия кезінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысы ауырлағаны анық және қосымша күш жұмсалғаны белгілі. Осыған байланысты мегаполисте полиция қызметін жетілдіру және заман талабына сәйкес цифрлық сервистерге көшу маңызды болып отыр. Карантин кезінде тұрғындардың қимыл-қозғалысы мен қауіпсіздігін бақылау де өзекті мәселе болып табылады. Сондықтан көшелерде бейнебақылау камераларын орнатудың тиімділігі артып отыр. Бұл ретте камералық бақылау құралдары айыппұлдар салу арқылы жазалау мақсатында емес, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында көбірек қызмет атқаруы тиіс, - деді сенатор Айгүл Қапбарова.

Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров өз кезегінде еліміз Президенті алға қойған міндеттерге сәйкес азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауды күшейту сенаторлардың назарында болатынын атап өтті.

 



Өзгелердің жаңалығы