Сенаторлар Отандастар қорының басшылығымен кездесті

10 Сәуір 2023, 18:36
722
Бөлісу:
Сенаторлар Отандастар қорының басшылығымен кездесті
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мүшелері «Отандастар қоры» КЕАҚ басшылығымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Онда шетелдегі және Қазақстан Республикасына келген этникалық қазақтарды қолдау мәселелері талқыланды.

Комитет төрағасы Асқар Шәкіров Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиімді көші-қон саясаты арқылы адам әлеуетін дамытудың маңызына жиі тоқталатынын атап өтті.

Шетелдегі этникалық қазақтар, сондай-ақ елге келгендер, оның ішінде қандас мәртебесін алған отандастар қазақстандық қоғамның маңызды бөлігі болып табылады, олар халқымыздың мәдени және тілдік дәстүрін тұрақты сақтаушылар, - деп атап өтті сенатор.

Отандастар қорының өкілдері өздерінің ағымдағы қызметі, сондай-ақ алдағы жоспарлары туралы Сенат депутаттарын хабардар етті. Атап айтқанда, қандастарды Қазақстанға көшіру үшін қажетті құжаттарды ресімдеуді жетілдіру, шетелдегі қазақстандық мәдени-гуманитарлық орталықтар желісінің кеңінен қанат жаюы туралы айтылды. Қордың жоспарында АҚШ-тағы отандастарымыздың алғашқы құрылтайын, Еуропа қазақтарының Германиядағы кезекті құрылтайын, Мәскеу мен Моңғолияда кіші құрылтайды өткізу де бар.

Кездесуге қатысушылар этникалық репатрианттардың алдында тұрған бірқатар проблемалық мәселелерді, оның ішінде қандастардың Қазақстан азаматтығын алу кезіндегі бюрократиялық шығындарды, қандастар арасынан жастардың қазақстандық жоғары оқу орындарына түсу қиындықтарын, бірқатар елдердегі қазақ диаспораларын қолдаудың жеткіліксіздігін, қандастарды қоныстандыру кезіндегі тұрғын үй проблемаларын жан-жақты талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша комитет Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Қазақстан халқына Жолдауында алға қойылған міндеттерді ескере отырып, көші-қон саясатын жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар әзірледі.

Өзгелердің жаңалығы