Сенаторлар ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының сессиясына қатысты

28 Ақпан 2021, 03:27
1654
Бөлісу:
Сенаторлар ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының сессиясына қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламентінің делегациясы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Қысқы отырысына қатысты. 

Аталған іс-шара 24-26 ақпан күндері бейнеконференция байланысы арқылы өткізілді. Сенатор Ғұмар Дүйсембаев Ассамблеяның экономика мәселелері, ғылым, технология және қоршаған орта жөніндегі жалпы комитетінің отырысында сөз сөйледі.

Депутат өз сөзінде табиғат өзгерістері кезінде су ресурстарының жағдайы бүкіл әлем елдері үшін күн тәртібіндегі аса маңызды мәселе екенін атап өтті. Ол қазіргі таңда Қазақстан трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалануда айтарлықтай мәселелерге тап болып отырғанын да жеткізді. Сондай-ақ, Арал теңізінің тартылуы Орталық Азия елдерінде тұратын 70 миллион адамның өмір сүру сапасын мен тұрмыс жағдайына кері әсерін тигізуде.

Орталық Азия мемлекеттері халықаралық ұйымдармен бірлесіп, Арал бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық дағдарысты еңсеру үшін әрекет етуде. Аймақ елдері құрған Халықаралық Аралды құтқару қоры жұмыс істейді. Осы ретте Аралды қалпына келтіруге ЕҚЫҰ өз үлесін қосады деп сенеміз және Ұйымға мүше мемлекеттерді Халықаралық Аралды құтқару қорына көмек қолын созуға шақырамыз. Өйткені бұл - тек Орталық Азияның ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастықтың проблемасы, – деді Ғұмар Дүйсембаев.

Сонымен қатар сессия аясында Демократия, адам құқықтары және гуманитарлық мәселелер жөніндегі жалпы комитеттің отырысы өтті. Оған Сенат депутаттары Қайрат Қожамжаров пен Ақмарал Әлназарова қатысты.

Қайрат Қожамжаров биылғы 10 қаңтарда Қазақстанда өткен Парламент сайлауына мониторинг жүргізуге байқаушылар миссиясын жібергені үшін ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросына және Парламенттік Ассамблеясына алғыс білдірді. Сондай-ақ, ол сайлаудың ашық әрі әділ өткенін атап өтті.

Сайлауға мониторинг жүргізу жұмысына 398 халықаралық байқаушы қатысты. Оның 323-і 10 халықаралық ұйымнан, 76-сы 31 елден келген мамандар. Биылғы сайлаудың негізгі ерекшелігі ретінде оның партиялық тізім бойынша және жаңа заңнамалық жағдайда өткенін айтуға болады. Биыл біздің парламенттік тәжірибемізде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен 29 жасқа дейінгі жастарға арналған 30 пайыздық квота енгізілді. Мұндай бастама Парламент пен жергілікті өкілді органдардың жұмысында әйелдер мен жастардың белсенділігін арттыру үшін қолға алынып отыр, – деді Қайрат Қожамжаров.

Одан бөлек, сенатор Қазақстан Президентінің саяси партиялар үшін Парламент Мәжілісіне өтуге мүмкіндік беретін шекті көрсеткішті жеті пайыздан беске дейін төмендету жөнінде айтқанын және сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген графаны қосу мәселесін көтергенін тілге тиек етті.



Өзгелердің жаңалығы