Сенатор: Заңның қабылдануына қарсылығымды білдірдім

12 Қараша 2020, 20:25
2488
Бөлісу:
Сенатор: Заңның қабылдануына қарсылығымды білдірдім

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Енді «Ауыл - ел бесігі» жеке қаржыландырылатын дербес ұлттық жоба болады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев айтты.

Міне, менің Парламентте жұмыс істегеніме екі жарым айға жуық уақыт болыпты. Сіздерге осы аралықта атқарған жұмыстарым туралы есеп бергім келеді. Премьер-Министрге 4 депутаттық сауал жолданып, онда ауыл тұрғындарының жеке малдарын жайылымдармен қамтамасыз ету бойынша билік тарапынан шешілмей отырған мәселелер, азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктер мен сыбайлас жемқорлық көріністеріне қатысты, АӨК-нің статистикалық есептеріндегі жалған ақпараттар жөнінде, ЖОО басқаруды демократияландыру қажеттілігі туралы, ректорлардың ауысып отыруына қатысты мәселелер көтерілді - деді депутат.

Ол ауылдық аумақтарды дамыту туралы Парламенттік тыңдауларды ұйымдастыру жөніндегі комитетінің төрағасы ретінде ауылдардың қазіргі жағдайы туралы баяндама жасағанын атап өтті.

Сонымен қатар, өз ұсыныстарымды жеткіздім. Енді «Ауыл - ел бесігі» жеке қаржыландырылатын дербес ұлттық жоба болады (!) Сонымен қатар, Республикалық маңызы бар қалаларда су қорғау белдеулерінің көлемін 35 метрден 20 метрге дейін қысқарту туралы Заңның қабылдануына қарсылығымды білдірдім. Өйткені бұл - біздің су ресурстарымызды сақтауға қатысты өте маңызды мәселе. Сенат мені қолдады және заң жобасы қайта қарау үшін қайтарылды. Менің байқағаным, мұндай жағдайлар бұл жерде жиі болмайды екен - деді сенатор.

Ол бұл жұмысын алдағы уақытта да жалғастыра беретінін айтты.
Мен әрі қарай да осылай жұмыс істеуді мақсат етемін және тырысамын. Егер біздің Парламент дамыған елдердегідей жұмыс істейтін болса, атқарушы билікте тәртіп болатынына, мемлекеттік қызметкерлердің әлдеқайда тиімді жұмыс істейтініне, бюджет қаражатын жымқырумен байланысты заңсыздықтардың азаятынына сенімдімін. Осындай өзгерістер бізге керек-ақ - деді Ақылбек Күрішбаев.

Өзгелердің жаңалығы