Сенатор: Сырқатқа тап болған балалар 3 жастан кейін көмекпен қамтылады

28 Қараша 2023, 19:17
583
Бөлісу:
Сенатор: Сырқатқа тап болған балалар 3 жастан кейін көмекпен қамтылады
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенаторлар балалар мүгедектігінің өсіп бара жатқаны туралы мәселені талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының ғимаратында Инклюзия жөніндегі кеңестің отырысы болды. Ол «Балалар мүгедектігінің өсу мәселелері: ерте араласу, ведомствоаралық тәсіл» тақырыбына арналды.

Кеңес төрағасы Ләззат Қалтаева отырысты аша келіп, елімізде мүгедек балалар санының өсіп бара жатқанына жан-жақты тоқталды.

Сырқатқа тап болған балалар біздің жүйеде 3 жастан кейін барып қамтылады. Сол кезде қауіпті топтағы балаларды анықтау және мұқтаж жандарға уақтылы көмек көрсететін ең қолайлы уақытты жіберіп алады. Біз әлемде және Қазақстанда қалыптасқан жағдайларға салыстырмалы түрде талдау жасауымыз керек. Балалардың мүгедектік себебінің негізгі құрылымын және бұл ерекше баланың отбасының әлеуметтік деңгейіне қалай байланысты екенін түсіну керек, - деді Ләззат Қалтаева.

Сенаторлар ерекше балаларды дамыту және баланы мүгедектік тобына жатқызуды күтпей, проблема анықталған сәттен бастап емдеу шарасын уақытында бастау мәселелерін кездесуге қатысушылармен бірге талқылады.

Шара барысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Назгүл Сағындықова сөз алып, министрліктің осы бағыттағы жұмысы туралы кеңес мүшелеріне айтып берді. Ол мүгедек балаларды инновациялық техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге және шағын және микро оңалту орталықтарын құруға бағытталған «Техникалық оңалту құралдарының инновациялық фабрикасы» атты іске асырылып жатқан жоба туралы хабарлады.

Отырыс жұмысына денсаулық сақтау, ағарту, мәдениет және ақпарат министрлерінің орынбасарлары, сондай-ақ сарапшылар мен мүдделі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Өзгелердің жаңалығы