Сенатор: Масылдық, енжарлық ұрпағымызға тас кенедей жабысып бара жатқандай

7 Қаңтар 2021, 16:12
1773
Бөлісу:
Сенатор: Масылдық, енжарлық ұрпағымызға тас кенедей жабысып бара жатқандай

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы өзінің Facebook-тегі парақшасында елімізде өндіруге болатын тауарларды шеттен әкелуге байланысты ойын білдірді.

Бүгін Қызылорда қаласындағы «Ескі базар» деп аталып кеткен  базарды аралап шықтым. Негізінен мұнда азық-түлік пен халық тұтынатын товарлар сатылады. Қала халқының дені және Сырдария, Жалағаш аудандарының тұрғындары да азық-түліктерін осы базардан  алады.  Барлық тауарларға баға былтырғы жылмен салыстырғанда анағұрлым өскен. Сатушылармен сөйлесу барысында түсінгенім, күріш, сөктен басқасы шеттен әкелінеді екен. Киім-кешек, күнделікті тұтынатын заттар Қырғызстаннан, Ресейден, Қытайдан, Түркиядан келеді. Қазақстанда тігілген не жасалған заттар жоқ. Жейде мен  пісте-шемішкенің өзін Сарыағаштан алып келгенін естіп, «Ау, бұл екеуінің отаны сыр бойы емес пе десем, ешкім екпейді де жинамайды» дейді. Не айтасың бұған? Өткен ғасырдың 80-жылдары Вадим деген кәріс досым (марқұм болып кетті)  отбасымен 40-50 га жерге шемішке мен сыпырғы егіп, Ақтөбе, Алматы, Қостанай облыстарына сатып, жыл сайын машина ауыстырып мінетін, - деп жазды сенатор. 

Жеміс-жейдек Түркістаннан, ет, сары май да басқа облыстардан тасымалданады. 

Суармалы жерде отырып, өзімізде өндіріп сатуға болатын товарларды шеттен әкелу ақылға сыймайды. Есімде,  бала кезімде ата-анамыз картоп, сәбіз, жуа, қауынқақ дегендерді кемінде алты айға жететіндей дайындап қоятын. Ауылдағы тұрғындардың көпшілігі солай жасайтын. Қазір ше? Кімді кінәлайсың, жатып алып әкім-қараларды жамандаймыз ба? Қайда қазір сыр дихандарының ұрпақтары? Масылдық, енжарлық, немқұрайлылық ұрпағымызға тас кенедей жабысып бара жатқандай, - деп жазды ол.

Өзгелердің жаңалығы