Сенатор Маминнен Түркістан үшін 23 млрд теңге сұрады

5 Қараша 2020, 11:43
2461
Бөлісу:
Сенатор Маминнен Түркістан үшін 23 млрд теңге сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Әли Бектаев Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, Түркістан облысына 2021 жылғы республикалық бюджеттен қосымша ақша бөлуді сұрады.

Қазақстандағы ірі ұлттық компаниялар мен барлық өңірдің атсалысуымен Түркістан қаласының келбеті ерекше өзгере түсті, қаншама ғимарат салынды. Түркістан халқының ризашылығын айта отырып, олардың көңіліндегі күдік пен күмәнін де жеткізгіміз келеді. Себебі Түркістан қаласында салынып жатқан көркем ғимараттардың көпшілігін ауызсумен, кәріз жүйесімен, электр желілерімен, жылу жүйелерімен қамтамасыз ету шешілмеген. Қала көшелерінің ирригациялық жүйелері мен инженерлік инфрақұрылымдарына қаржы жеткілікті деңгейде қаралмаған. Инфрақұрылымы шешілмеген ғимараттарға, тұрғын үйлерге тұрғындарды қалай орналастыруға болады, сол ғимараттардың жұмыс істеуі мүмкін бе? Ертең инфрақұрылымдарды қайта жүргізген уақытта салынған жолдар мен көшелер қайта бұзылмай ма? - деді депутат. 

 

Ол сондықтан қала әкімдігінің қажетті ауызсумен, кәріз жүйесімен, электр желісімен, ирригациялық жүйелермен дәл қазір қамтамасыз ету туралы депутаттарға жазған хатында айтқан мәселелері орынды екенін айтты. 

 

Қаланы абаттандыру да осы құрылыс жобаларымен бір мезгілде жүргізілгені орынды. Құрметті Асқар Ұзақбайұлы (Премьер-министр Мамин - тілші), 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті қарау барысында Түркістан қаласының тарихи орнын, маңыздылығын, оның перспективасын ескере отырып, барлығы 23 млрд теңге қаржыны республика бюджетінен 2021 жылға мақсатты трансферттер ретінде Түркістан облысына бөлдіруге ықпал етуіңізді сұраймыз, - деді Әли Бектаев. 

Өзгелердің жаңалығы