Сенатор Маминнен проблеманы шешуді талап етті

22 Сәуір 2021, 12:03
1883
Бөлісу:
Сенатор Маминнен проблеманы шешуді талап етті

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Мұхтар Жұмағазиев Үкімет басшысына ветеринарлардың мәселесін шешуге байланысты сауал жолдады.

Ол жұмыс процесінің төмен деңгейде ұйымдастырылуы, еңбек етуге қарапайым жағдайдың жасалмауы, материалдық-техникалық базаның жеткіліксіздігі, жалақының төмендігі ветеринар мамандардың қызмет етуге ынтасының азаюына әсер ететінін айтты.

Депутат келтірген ақпаратқа сүйенсек, ветеринарлық стансалардың басым көпшілігі мамандардың жеке үйінде, жалға алынған ғимараттарда орналасқан.

Осы саладағы мамандардың орта жасы 50-55, кейде тіпті 59 жасқа жетіп қалғанын ескере отырып, депутат Премьер-министрдің бірінші орынбасарының жергілікті деңгейдегі квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің санын 25 пайызға қысқарту тапсырмасымен ветеринарларды қысқартуды белсенді жүзеге асырылуын сынға алды.

Бұл мамандықтың болашағы туралы ақпарат та көңіл қуантпайды. «Болашақ» бағдарламасымен осы салада 12 адам ғана шет елдерде оқыған. Олардың басым бөлігі мамандық бойынша жұмысқа орналаспаған. Елдегі ЖОО ветеринария бойынша түлектердің жұмысқа орналасуы 2018 жылы 79 пайыз болса, 2020 жылы 50,3 пайызды құраған, - дейді Мұхтар Жұмағазиев.

Оның айтуынша, «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасында қойылған мақсаттарды іске асыру шаралары да ешқандай сын көтермейді. 

Соңғы 5 жылда осы бағдарлама аясында 1875 жас маман жұмысқа орналасқан. Оларға ауылда жұмыс істеуге қажетті жағдай жасалса, қызметтік тұрғын үйлер беріліп, әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылса, материалдық-техникалық база күшейтілсе – кадр мәселесі өз шешімін тапқан болар еді, – деді депутат.

Сенатор өз сауалында агроөнеркәсіптік кешен үшін кадр даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру бойынша құзыретті Білім және ғылым министрлігінен алып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру қажеттігіне назар аударды. Осы мамандық бойынша ауыл жастары үшін гранттар санын арттырып, ветеринарлардың жалақысын өсіру, олардың материалдық-техникалық жабдықтарын жетілдіру мәселелерінің өзектілігін де атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы