Сенатор контрабандалық жолмен келетін қаруға қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды

27 Қаңтар 2022, 10:31
2181
Бөлісу:
Сенатор контрабандалық жолмен келетін қаруға қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Андрей Лукин еліміздегі қару-жарақтың заңсыз айналымына жазаны күшейтуді ұсынып отыр. 

Депутат Сенат отырысында Үкімет басшысының атына осы мәселеге қатысты депутаттық сауал жолдады.

Сенатордың мәліметінше, 2019-2021 жылдар аралығында елімізде 545 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, оның ішінде 600 жағдайда атыс қаруы қолданылған, оның 88%-ы заңсыз айналымда болған. Ал қаруды сақтау және оны тіркеу шарттарын бұзғаны үшін 45 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қазіргі уақытта атыс қаруына ұқсас, газды, газды-травматикалық, сигналдық және пневматикалық қару түрлерінен оқ ататын қаруды заңсыз жасау фактілерінің күрт өсу үрдісі байқалады. Қылмыстық ортаның мүшелері мен бүлдіргі діни ағымды жақтаушылар мұндай қаруды соғыс қаруына айналдырумен айналысады. Қарудың бұл түрінің таралу үрдісі ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне елеулі қауіп төндіріп отыр, - деді сенатор Андрей Лукин.

Андрей Лукин атыс қаруының айналымына байланысты қылмыстардың алдын алу және оларға қарсы тұру мақсатында травматикалық, пневматикалық, аңшылық қарулар мен олардың негізгі бөліктерін контрабандалық жолмен әкелгендерге, тегіс ұңғылы тіркелмеген қарудың заңсыз айналымына қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды.

Сенатор сонымен қатар қару-жарақты сататын үй-жайларды техникалық күшейту талаптарын қатаңдату қажет деп санайды.

Өзгелердің жаңалығы