Сенатор: Енді мәселе өзімізде!

5 Қаңтар 2021, 21:37
2099
Бөлісу:
Сенатор: Енді мәселе өзімізде!

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы Мемлекет басшысының бүгінгі мақаласына қатысты пікір білдірді.

Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толатындығын және тарихтың осы бір аса қысқа мерзімінде қандай тарихи жетістіктер мен табыстарға қол жеткізгендігіміз жайлы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде толық ашып көрсеткен екен. Президентіміз айтып отырғанындай расында да, біз үшін Тәуелсіздік бәрінен де қымбат екендігін әрбір қазақ жете сезіне білуге тиісті. Тәуелсіздік жылдары кемшіліктеріміз де болды, бірақ қол жеткізген табысты да ешкім жоққа шығара алмайды деп ойлаймын. Біз ендігі арада Тәуелсіз Қазақстанның отыз жылда қол жеткізген табыстарын баянды ете отырып, ел егемендігін одан әрі нығайтуға міндеттіміз. Қазір әлем бойынша пандемия індетінің таралуына байланысты әлеуметтік және экономикалық салада күрделі жағдай қалыптасып отырғаны белгілі. Індеттің зардаптары біздің елімізді де айналып өтпегендігі анық - дейді сенатор.

Сенаторлың сөзіне қарағанда Қазақстан сыртқы саясатта көп векторлы саясат жүргізіп келеді.

Президентіміздің мақаласында қасиетті қазақ жері - ең басты байлығымыз деп атап көрсетілген. Ендігі арада жеріміздің тұтастығына күмән келтірудің қажеті жоқ және бұл орайда сыртқы арандатушылардың әрекеттеріне ермей, ежелгі көршілерімізбен ынтымағымызды, бірлігімізді жоғалтпау қажеттігі айтылады. Қазақстан біртұтас мемлекет екендігін әлемдік қауымдастықпен мойындағалы қашан! Жалпы Қазақстан сыртқы саясатта көп векторлы саясат жүргізіп келеді. Сондықтан да сыртқы қатынасымызда АҚШ, Европа, Түркия, Жапония сияқты елдер басымдықта болуы керек. Атом қару-жарағынан ерікті түрде бас тартқанымызда әлемнің ядролық державалары біздің қауіпсіздігіміз бен территориямыздың тұтастығына кепілдік берген - дейді ол.

Мемлекет басшысы өзінің осы мақаласында ұлттық мүдденің тәуелсіздіктің алтын арқауы екендігіне баса назар аударып отыр. 

Бұл орайда, мемлекеттік тілдің еліміздің басты нышандарының бірі екендігі ретінде қарастырылуы әбден орынды болған. Сондықтан да, Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі екендігіне баса назар аударылып, бұл тілді бүкіл халқымызды біріктіруші күшке айналдыру қажеттігі өте жақсы айтылыпты. Мәселе, енді өзімізде! Әр қазақ баласы ең әуелі өзінің ана тіліне өзі қамқор болуға тиісті. Өсіп келе жатқан ұрпағымызды өз тілінде тәрбиелеу әр ата-ананың ұлт алдындағы парызы болса керек. Сонымен бірге, Президент Қазақстанның әрбір азаматының мемлекеттік тілді білуі парызбен бірге міндет екендігін атап көрсетіп, қазақ тілін меңгере алмай жүргендерге үндеу тастайды. «Ештен кеш жақсы» деген халық даналығы алға тартылып, мемлекеттік тілді үйренуге ең бастысы ынта керектігі айтылады - дейді Мұрат Бақтиярұлы.

Қазақ халқы қай заманда болмасын өзге ұлыстармен тату бірлікте өмір сүре білген. 

Ешкімді жатсынған жоқ. Бұл тарихи ақиқат. Мемлекет басшысы осы жайлы айта отырып, елдегі тұрақтылық пен береке, бірлік үшін бәріміздің жауапты екендігімізді дұрыс айтқан. Біз қашан болсын халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды дәріптеп, соны ой санаға берік орнықтыру жөнінде айтылған ойды қостар едім. Тәуелсіздігіміздің алтын арқауы және басты құндылығы ұлттық мүдде екендігіне Мемлекет басшысы өз мақаласында кеңінен тоқталады. Бізге ұлттық мүдде қымбат болса, Тәуелсіздік те сондай қымбат! Халқымыздың бар жақсы қасиеттері, ұлттық мүддесі тек қана Тәуелсіз елдің жағдайында ғана дамып, өрісін кеңейте түсетіндігін ұмытпайық. Сондықтан да, Тәуелсіздігімізді баянды ете білейік! - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы