Сенатор: Елдегі қозғаушы күштердің әсері журналистерге тиіп жатыр

9 Ақпан 2023, 11:57
1235
Бөлісу:
Сенатор: Елдегі қозғаушы күштердің әсері журналистерге тиіп жатыр
Фото: elana.kz

Бұл туралы сенатор Бибігүл Жексенбай мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

«Жуырда Махамбет Әбжан 9 жылға сотталды. Бұған қатысты әлеуметтік желіде әртүрлі талқылаулар болды. Мәселен, миллиардтарды иемденген делінген Қайрат Сатыбалдыға 6 жыл берілді. Журналистің 9 жыл ауыр жаза емес пе?» деп сұрады тілші депутаттан.

Менің жеке өз басым үшін журналистердің бұл тұрғыдан үлкен жазаға тартылуы қатты қынжылтады. Бірақ соттың барысына қатысып, бүге-шүгесіне дейін зерттемегендіктен салыстырмалы түрде Сатыбалдыға қатысты айта алмаймын. Бұл сұрақты құқық қорғау органдарына бағыттасаңыздар. Ал журналист, әріптес ретінде маған бұл (Махамбет Әбжанның сотталуы – ред.) онша жақсы әсер беріп тұрған жоқ, - деді Бибігүл Жексенбай Сенаттың кулуарында тілшілерге берген сұхбатында. 

Сондай-ақ «Журналистерге кейінгі кездері жасалған қысымға қатысты неліктен Парламент қабырғасында өз бастамаларыңызбен көтермейсіздер?» деген тілші сауалына ештеңенің назардан тыс қалмайтынын айтты.

Менің Сенатқа келгеніме екі апта болды. Жасыратыны жоқ, қазір Сенатқа жүктелген жұмыс өте көп. Мәжілістің таратылуына байланысты келіп түскен заңдар да жетерлік. Мәселелердің барлығы біздің назарымызда. Кейбір мәселелерді ішкі жұмыс арқылы жүргізіп жатырмыз. Өзіміздің құқық қорғау органдарына да сұрақтарымыз бар. Оның барлығын белгілі бір регламент шеңберінде жолдап, мәселелерді назарда ұстаудамыз. Айтатын жерлерде бұқаралық ақпарат құралдары, арнайы жиналыстарда, ішкі жұмыс топтарының кездесулерінде құқық қорғау органдарына сіздерді мазалаған барлық сұрақты көтеріп отырмыз. Заң аясында жасалып жатқан дүниелерге, депутат болсақ та сот жұмысына араласа алмайтынымыз рас. Журналистикаға, БАҚ-қа қатысты соңғы уақытта болып жатқан көптеген жайт іштегі, сырттағы ахуалдардың да бір әсері деп ойлаймын. Қазіргі таңда саяси мәселелердің де қозғалып жатқаны белгілі. Соның ішінде тапсырыс берушілер деген бар. Тапсырыс берушілерді зерттеу керек. БАҚ бұл тұрғыда ең бірінші шепте тұрғандықтан осындай қозғаушы күштердің әсері журналистерге тиюде, - деді сенатор.

Еске сала кетейік, бұған дейін депутат кеше журналиске жасалған қастандыққа қатысты пікір білдірген болатын. 

Өзгелердің жаңалығы