Сенатор әскери кафедраларда студенттерді даярлау сапасы туралы мәселе көтерді

3 Наурыз 2022, 11:38
1093
Бөлісу:
Сенатор әскери кафедраларда студенттерді даярлау сапасы туралы мәселе көтерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы Қорғаныс министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында азаматтық жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедралардың құрамы мен құрылымын оңтайландыру туралы айтты.

Сенатордың айтуынша, елімізде қосымша табыс табу үшін әскери кафедра ашатын жоғары оқу орындары көбейіп барады. Кейінгі 6 жылда 11 оқу орнында әскери кафедра ашылған болып шықты.Қазір еліміздің ЖОО-да тегін және ақылы негізде жүргізілетін 36 әскери кафедра жұмыс істейді.

Жүргізілген талдау әскери кафедралар бойынша мамандар даярлаудың бірқатар мәселелері бар екенін көрсетіп берді. Жасыратыны жоқ, әскери кафедрасы бар университеттер талапкерлер арасында үлкен сұранысқа ие, өйткені олар армияда қызмет етуден босатылуға  заңды негіз береді. Мұны жоғары оқу орындарының басшылары жақсы біледі және қосымша пайда табу үшін әскери кафедра ашуға тырысады, - деп атап өтті Бақтиярұлы.

Сенатор осыған байланысты еліміздің Премьер-министрінен азаматтық жоғары оқу орындарындағы әскери кафедралардың құрамы мен құрылымын оңтайландыруда әскери доктринаны іске асыру туралы хабардар етуді, сондай-ақ халықаралық тәжірибені зерделей отырып, жоғары оқу орындарында әскери даярлық жүйесін жетілдіру мүмкіндігіне талдау жасауды сұрады.

Өзгелердің жаңалығы