Сенатор архивтер ғимаратының ережеге сай емес екенін айтып, мәселе көтерді

2 Қараша 2023, 19:08
738
Бөлісу:
Сенатор архивтер ғимаратының ережеге сай емес екенін айтып, мәселе көтерді
Фото: Арман Мухатов - архив

Сенатор Дархан Қыдырәлі еліміздегі архив қоймалары мен ғимараттарының көңіл көншітпейтінін айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Айтуынша, архив қоймаларының толу көрсеткіші 90%-дан асады. Кейбір өңірлерде 100% толып қалуына байланысты құжаттар сақтауға қабылданбайды.

Үкімет басшысының атына жолдаған өзінің депутаттық сауалында сенатор салада проблемалар жеткілікті екенін және оларды шұғыл шешу қажет екенін атап өтті.

Айтуынша, мұрағат басқармаларының 98%-ы заңнама талаптарына сәйкес келмейтін ғимараттарда орналасқан.

2022 жылы қаңтар айында Алматы, Талдықорған, Қызылорда, Тараз қалаларының ведомстволық архивтері отқа оранды. Түрлі апаттар мен төтенше оқиғалар болған жағдайда құжаттарды эвакуациялайтын арнайы орындар мүлде жоқ, - деді Дархан Қыдырәлі.

Сондай-ақ ол елде 229 мемлекеттік және арнайы мұрағат жұмыс істейтінін атап өтті. Олар кәсіби кадрлардың жетіспеушілігін қатты сезінеді. Өңірлерде кадрлар ауысымы 50%-ды құрайды. Жалақы аз, жүктеме көп болғандықтан маман тұрақтамайды.

Архив саласындағы ахуалды саралай келе төмендегідей сауалдар туындайды. Архивтерді тиісті ғимараттармен қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? Төтенше жағдайларда архивтерді эвакуациялайтын орындар мен нақты пысықталған жоспар бар ма? Өңірлерде, оның ішінде жаңадан құрылған облыстарда архив саласын дамыту үшін республикалық бюджеттен трансферттер бөлу көзделген бе?, - деп сұрады сенатор.

Өзгелердің жаңалығы