Сенат спикері: Президент елорданың дамуына қатысты әділ сын айтты

2 Ақпан 2023, 14:28
994
Бөлісу:
Сенат спикері: Президент елорданың дамуына қатысты әділ сын айтты
Фото: Сенат

Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, Президенттің Астананың дамуына қатысты айтқан сыны әділетті. 

Жалпы, біздің астанамыз өте қарқынды дамып келеді. Біз бәріміз қанша үйдің бой көтеріп, ғимараттар мен жолдардың салынып жатқанына куәміз. Осыған байланысты, әрине, Мемлекет басшысының айтқан сыны орынды. Үкіметке, Астана қаласының әкімдігіне инженерлік коммуникацияларды тарту туралы тапсырма берілді. Бұл – күрделі проблемалардың бірі. Бәріміз бұл проблеманы көріп отырмыз: үй салынады, бірақ инженерлік коммуникациялар – су, электр жарығы, кәрізбен қамтылмайды. Президент осы мәселені шешуді тапсырды. Бұл елордалықтар, үлескерлер көтеріп жүрген күрделі мәселе. Осы бағытта Үкімет ауқымды жұмыс атқарады деп ойлаймын, - деді Мәулен Әшімбаев Сенат отырысынан кейін кулуарда БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. 

Сонымен қатар ол саябақтарға қатысты мәселеге де тоқталды. 

Саябақтарға қатысты айтылған сын да орынды деп есептеймін. Бүгінгі таңда әсіресе жаңа аудандарда бақтар жеткіліксіз. Басқа бағыттар бойынша көп дүние айтылды. Қаламыздың жаңа әкімі барлық сынды қабылдап, осы олқылықтарды жою үшін жұмыс істейді деп сенемін. Қалада көп нәрсе жасалып жатқанын да жоққа шығармауымыз керек. Қаламыз ыңғайлы, қауіпсіз, қолайлы болуы үшін әлі де көп жұмыс атқарылуы керек, - деді Сенат спикері. 

Еске сала кетейік, кеше  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы әрі қарай дамыту мәселелері бойынша жиналыс өткізген болатын.  

Өзгелердің жаңалығы