Сенат депутаттары медиацияға қатысты заңды мақұлдады

7 Сәуір 2022, 10:33
1719
Бөлісу:
Сенат депутаттары медиацияға қатысты заңды мақұлдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатта «БҰҰ медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы Конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды.

Әділет министрі Қанат Мусин заң жобасының негізгі мақсатын түсіндіріп өтті.

Сөзінше, бүгінгі таңда медиация деген сұраныс неғұрлым артып отыр. Медиацияның көмегімен екі тараптың мүдделерін қанағаттандыра отырып, дауды шешуге болатындығы азаматтарды қызықтырады.

2019 жылғы 7 тамызда Сингапурда Қазақстан БҰҰ-ның медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциясына қол қойды. Конвенцияның мақсаты – қатысушы мемлекеттердің аумағында медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық келісімдерді тану және орындау. Осы уақытқа дейін бізде осындай тетік болған жоқ, - дейді министр Сенатта.

Қанат Мусин баяндағандай, дау тараптары үшін татуласу келісімін басқа юрисдикцияда тану және орындау үшін сотқа жүгінуге енді мүмкіндік туындайды.

Конвенцияға сәйкес татуласу келісімін орындау ұлттық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады. Медиация нәтижесінде қол жеткізілген келісімдерді орындау тәртібі «Медиация туралы» Заңның және Азаматтық процестік кодекстің ережелерінде көзделген.

Конвенция қатысушы мемлекеттердің екі және одан да көп компаниялары арасындағы халықаралық коммерциялық дауларына ғана қолданылады. Конвенцияны ратификациялау - соттан тыс медиацияны жетілдіруде оң қадам. Ол халықаралық саудаға жәрдемдесудің маңызды құралы және коммерциялық тараптардың халықаралық келісімдерін жүзеге асыруға ықпал етеді, - деп түсіндірді Әділет министрі.

Оның айтуынша, Қазақстанның конвенцияның қатысушы ретіндегі мәртебесі елдің халықаралық бизнес-беделіне және инвестициялық тартымдылығына оң әсер етеді.

Өзгелердің жаңалығы