Сенат бюджет туралы заңға түзетулерді қабылдады

4 Шілде 2019, 11:42
1957
Бөлісу:
Сенат бюджет туралы заңға түзетулерді қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында депутаттар «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасын қабылдады.

Атап өтсек, кеше аталған заң жобасын Мәжіліс мақұлдаған болатын.

"Президенттің тапсырмаларын іске асыруды қаржылық қамтамасыз ету Тікелей инвестициялық қор құруға көзделген қаражаттың бір бөлігін қайта бөлу есебінен жүзеге асырылады. Бюджеттің шығыс бөлігін нақтылау үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші бағыт - халықтың тұтынушылық кредиттері бойынша борыш жүктемесін азайту. Өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтар санатына жатқызылған əрбір қарыз алушы үшін тікелей жəне атаулы қаржылық көмек ретінде мемлекет 300 мың теңгеге дейінгі жалпы мөлшерде негізгі борышты жəне ол бойынша есептелген сыйақыны өтейді. Осы мақсаттарға жоба 89,2 млрд теңге сомасында шығыстарды қарастырып отыр", - деді баяндамасында премьер-министрдің бірінші орынбасары - қаржы министрі Əлихан Смайылов. 

"Екінші бағыт - жұмыспен қамту, аз қамтылған көпбалалы отбасылар мен жастарды қолдау бойынша пəрменді шараларды кеңейту және күшейту. Бұл мақсаттарға 138,6 млрд теңге бағытталады. Оның ішінде 1,5 млрд теңге - 1 қыркүйектен бастап аз қамтылған жəне көпбалалы отбасылардан шыққан балалар үшін ЖОО-ға қосымша 5 мың білім беру грантын бөлуге, 2,4 млрд теңге - 1 қыркүйектен бастап техникалық жəне кәсіптік білім беруде жұмысшы мамандығы бойынша оқып жүрген студенттердің стипендиясын 30 процентке ұлғайтуға, бұл 122 мың оқушыны қамтиды", - деді Смайылов.

Бұған қоса, министр қысқа мерзімді кәсіптік білім беру жəне "Бастау Бизнес", "Еңбек" бағдарламаларына қаржы бөлінеді деді. Баспана мен атаулы əлеуметтік көмек мәселесін шешуге де ақша қарастырылғанын айтты.

"Үшінші бағыт - жобада Үкімет резервін 72,2 млрд теңгеге ұлғайту ұсынылады. Аталған қаражаттың бір бөлігі Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарларын жоюға бағытталады", - деді Əлихан Смайылов.
Өзгелердің жаңалығы